Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түлкібас ауданының полиция қызметкерлерімен бірлесіп кезекті қарасора егістігін жойды.
Мәселен, полицейлер Түлкібас ауданы тұрғыны үйінің бақшасынан құрамында есірткі заты бар алты түп өсімдік тапқан. Оған қоса тінту кезінде жедел уәкілдер, күдіктіден өсімдік тектес ерекше иісі бар үш орама затты тәркіледі.
Айғақты зат ретінде алынған есірткі түптері мен орамалар сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, құрамында есірткісі бар өсімдіктің түптері “қарасора” болып шықты, ал орамаларда “кептірілген марихуана” сақталған. Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 70 гр асты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша тіркелді: 300-бап “Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру” және 296-бап “Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу“. Күдікті қолхатта. Полиция қызметкерлері ер адамның үйінде есірткі заты бар өсімдіктерді қандай мақсатта өсіргенін және сақтағанын анықтауда, - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ал Мақтаарал ауданында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғынға есірткі сатқан күдіктіні ұстады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Мақтаарал АПБ-нің полицейлері ауыл тұрғындарының біріне бес мың теңгеге ішінде есірткісі бар сіріңке қорапшасын сатқан ер адамды құрықтады. Айғақты зат ретінде жедел уәкілдер сіріңке қорабын алып, сараптамаға жіберді. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі затының салмағы үш грамм марихуананы құрады.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.