Маңғыстау облысының ең үлгілі ауылы анықталды

11 Мамыр 2020, 23:02
4994
Бөлісу:
Маңғыстау облысының ең үлгілі ауылы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында ауылдарды дамыту алға қойған негізгі бағыттардың бірі.

Әрбір елді-мекен заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бейім болуы қажет. Ел үкіметінің де алға қойып отырған басты мақсаты осы. Өңірде әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылығы жағынан өркендеп келе жатқан елді мекендердің бірі Онды ауылы. Бұл - қоғам қайраткері, әдебиеттің алыбы Әбіш Кекілбаевтың туған жері.

Ауыл шағын болғанымен, жергілікті тұрғындар ата кәсіп ауыл шаруашылығын белсенді жүргізуде: ет, сүт өнімдерін өндіреді. Ауылда 32 шаруа қожалығы кәсібін дөңгелетіп отыр. Тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне толық жағдай жасалған. Сондықтан Онды ауылын аймақтағы ең үлгілі ауыл деп атауға болады. Биыл ҚР Президентінің тапсырмасымен "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын тиімді жүзеге асыру басталды. Осы бағдарлама аясында облысқа республикалық бюджеттен 34 миллиард теңге бөлінді - дейді, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.

Бұл қаражат инфрақұрылымды дамыту, жол құрылысы, әлеуметтік нысандарды салу, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жобаларды іске асыруға көзделген. Осы бағытта Онды ауылында 20 орындық жаңа амбулаторияның құрылысы басталды. Нысанның құрылысына жергілікті мамандар жұмылдырылған. Амбулаторияны биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Онда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлер де жергілікті кадрлардан алынатын болады. Нысан заманауи жабдықтармен жарақтандырылады, бұл енді тұрғындарға емдеу және тексеру үшін аудан орталығына барудың қажеті жоқ дегенді білдіреді.

Серікбай Трұмов жауапты тұлғаларға орындалатын жұмыстардың сапасын және мерзімінде аяқталуын бақылауды тапсырды.

Ауыл тұрғыны Жәнібек Қожық Онды іргесінен жылыжай кешенін салу туралы ұсыныс жасады.

Бұл азық-түлікке деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған ұсынысқа облыс әкімі қолдау білдіріп, мәселе жан-жақты қаралу керектігін ескертті. Қазіргі күні Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш ауылында мәдениет үйінің құрылысы қайта жалғасын тапты. Нысан құрылысы 2018 жылы басталған, бірақ қаражаттың жетіспеуіне байланысты тоқтап қалған болатын. Биылғы жылы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 211 млн теңге бөлініп, қайта жандандырылды. Нысан осы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі. Бұл мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, бірінші кезекте, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған.

Өткен жылы облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір, Жыңғылды ауылдарында бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелер көтерілді.

Бүгінгі күні олар кезең-кезеңімен шешілуде. Мысалы, Тасмұрын - Мәстек автожолын, Шетпеден Шайыр ауылына, Шайырдан Жыңғылды ауылына дейінгі жол салу жоспарланған. Қаражат бөлінген, жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін қарқынды жүргізілетін болады - дейді аймақ басшысы.

Өткен жылдан бастап елімізде "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Маңғыстауда осы бағыт бойынша 2019 жылы 1 млрд 100 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат ауылдық жерлерде автомобиль жолдарын салуға және қайта жаңартуға бағытталды.

Биылғы жылы Маңғыстау облысына "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамытуға, ауылдық жерлерде әлеуметтік нысандарды салуға 3 миллиардтан астам теңге бөлінді. Ауыл-еліміздің тірегі, оған ерекше назар аударуымыз керек - деді облыс әкімі Серікбай Трұмов.
Өзгелердің жаңалығы