Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, «ОтарБиофарм» ЖШС-нің жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінде биофармацевтикалық зауыт құрылысының екінші кезеңі жүзеге асуда. Соған сәйкес, Биозауыттың өндірістік қуатын айына 500 мыңнан 2,0 млн. дозаға дейін арттыру мақсатында «Тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт базасында субстанциялар өндіру жөніндегі цех» (BSL-3) жобасының құрылысы жүруде
Бүгінгі күнге, өндірістік кестеге сәйкес инженерлік желілер мен негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 85 пайызға орындалды
Ал, фармакологиялық жабдықтың 70 пайызы жеткізілген.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Нысанның құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарланған десек, жоба желтоқсан айында толығымен іске қосылады деп көзделуде.
Аймақ басшысы зауыт базасында кеңес өткізіп, жауаптыларға жұмыстардың сапалы әрі тиісті мерзімде атқарылуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов биофармацевтикалық зауыт мамандарын өткен ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, «OtarBioPharm» ЖШС бас директоры Закир Ершебұловты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, бас директордың жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасары Әнуар Сатыбалдиевті Алғыс хатпен марапаттады.