Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік Кореядағы ең танымал Korean Broadcasting System телекомпаниясы Қазақстан жайлы бағдарлама түсіру барысында Бурабай курортты аймағындағы Наурыз мейрамын тамашалады.
Ақмола облыстық Visit Aqmola туристік ақпараттық орталығы мамандарының айтуынша, бағдарлама туризмді насихаттауды көздейді. Түсірілімге Қазақстандағы көрнекті орындар, ғажайып Бурабайдың әсем жерлері таңдалып алынған. Түсіру тобы курортты аймақта Наурыз мейрамының тойлану барысын тамашалап, қазақ халқының бай мәдениетімен танысты, түрлі спорттық ойындарды көріп, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Түсірілім тобы Бөлектаудың биігіне шығып, Бурабай курортты аймағының әсем табиғатын тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Түсірілім барысында жергілікті тұрғындар мен демалып жатқан туристерден сұхбат алды.
«Ақмола облысының әкімдігі мен облыстық туризм басқармасы «Kazakh Tourism» ҰК АҚ-мен бірлесіп курортты аймаққа танымал ірі телекомпанияларды тарту, сұлу өңірді жарнамалау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Әрине, аймаққа Оңтүстік Корея өкілдерінің келуі туристердің Бурабай курортына қызығушылығын арттырары сөзсіз. Бұл жұмыс алда да жалғасатын болады. Жыл ішінде өңірге тағы да бірнеше еуропалық және азиялық ірі телекомпания өкілдері Бурабайға келіп, бағдарлама түсіреді деп күтілуде», - дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиев.