Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.
2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда (2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп).
Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 15,2 млн гектарды (193 мың гектарға кем), оның ішінде бидай алаңы 11,4 млн гектарды (4 мың гектарға кем) құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында егіс алаңдарын әртараптандыру мен рентабельділігі жоғары дақылдар өндіруге көшу жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн гектарды құрайды, бұл былтырғы жылғыдан 122 мың гектарға көп, - дейді Сапархан Омаров.
Оның айтуынша, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп алаңы 19,3 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңы 309 мың гектарға ұлғаяды.Техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) алаңы 132 мың гектарды (18,6 мың гектарға кем) құрайды.
Қазіргі кезде оңтүстік өңірлер егіс науқанына кірісіп кетті, мәселен, Жамбыл облысында 71,7 мың га алаңға немесе жалпы егіс көлемінің 10,2%-ына, Түркістан облысында 33,5 мың га (4,0%), Алматы облысында 3,4 мың га (0,4%), Қызылорда облысында 2,0 мың га (1,1%) алаңға егіс егілді.Солтүстік және орталық өңірлерде жаздық дәнді дақылдарды егу 15-30 мамыр аралығында, батыс және оңтүстік өңірлерде сәуірдің үшінші онкүндігінде және мамырдың бірінші онкүндігінде, шығыс өңірде: таулы аймақта 30 сәуірден 25 мамырға дейінгі аралықта, құрғақ дала аймағында 15-25 мамыр аралығында жүргізіледі. Солтүстік өңірде майлы дақылдарды егу 20-25 мамырда, орталық, батыс және шығыс өңірлерде 5-15 мамыр аралығында, Павлодар облысында 1-15 мамыр аралығында жүзеге асырылады,- дейді министр.