Нью-Йоркте болған атыс салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды. Жараланғандардың ішінде 17 жастағы қыздың жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Fox News-ке сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, оқиға Хаффен саябағы маңында болған. Сол сәтте саябақта баскетбол турнирі өтіп, адамдар көп жиналған еді.
Оқиға орнынан 32 жастағы ер адам кеудесінен, ал 17 жастағы қыз бетіне оқ тиген күйде табылды. Екеуі де ауруханаға жеткізілді. Алайда ер адам алған жарақатынан көз жұмды, ал қыз ауыр халде жатыр.
Сонымен қатар жарақат алған тағы үш адам өз бетімен медициналық көмекке жүгінген. 30 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйелдің арқасынан оқ тиген, олардың жағдайы тұрақты. 42 жастағы ер адам қолынан жараланып, оның да жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Полиция төрт күдіктіні ұстады және бірнеше қаруды тәркіледі. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
New York Post басылымының хабарлауынша, атыс қылмыстық топтар арасындағы жанжалға байланысты болуы мүмкін.