Нығматулин Мəжіліс сессиясының жұмысын қорытындылады

3 Шілде 2019, 16:05
2110
Бөлісу:
Нығматулин Мəжіліс сессиясының жұмысын қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісі төртінші сессиясының жұмысын қорытындылады.

"Бүгін біз төртінші сессиядағы Мәжілістің соңғы жалпы отырысын өткізіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл сессия Мәжіліс тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Осыған орай, елімізге, халқымызға қажетті көптеген заңдар қабылданды, көптеген парламенттік шаралар өтті. Олардың барлығы ең алдымен Елбасының әлеуметтік-экономикалық стратегиялық міндеттерін орындауға арналды. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыруға да бағытталды. Бұл депутаттық корпустың Үкіметпен, тиісті мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деуге болады", - деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының мəліметінше, осы сессия барысында төменгі палатаның 41 жалпы отырысы өтті. Отырыстарда 199 мәселе талқыланды. Осы кезеңде палатаның қарауында 110 заң жобасы болды, оның 81-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Бұған қоса, 13 Үкімет сағаты, 2 парламенттік тыңдау, 14 дөңгелек үстел, 14 комитеттердің өңірлердегі көшпелі отырысы және 4  халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Нұрлан Нығматулин 5 шілде күні Парламент қос палатасының бірлескен отырысы өтетінін, одан кейін депутаттар өңірлерді аралайтынын айтты.

Атап өтсек, алтыншы шақырылған Парламент Мəжілісі төртінші сессиясының жұмысы 5 шілдеге дейін ұзартылған болатын.

Өзгелердің жаңалығы