Нығматулин: Қазақстан – дүниежүзіне тараған қандастарын бір шаңырақ астына жинаған беделді мемлекет

10 Желтоқсан 2021, 11:21
1454
Бөлісу:
Нығматулин: Қазақстан – дүниежүзіне тараған қандастарын бір шаңырақ астына жинаған беделді мемлекет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты.

Аз ғана уақыт 30 жылдың ішінде дамыған елдердің қатарына кірді. Бұл туралы Тұңғыш Президентіміз «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында айтқандай, біз өз мүмкіндіктерімізді ескеріп, «Қазақстан-2030» стратегиясын мерзімінен бұрын орындап, одан кейін  «Қазақстан-2050» бағдарламасын жасадық. Осы стратегиялық іс-жоспарларымыз елімізді үлкен нәтижелерге жеткізді. Оны әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар мойындап отыр, - деді Нығматулин.

Мәжіліс спикері атап өткендей, бүгінде Қазақстан өзінің мыңдаған шақырым шекарасын бекіткен, дүниежүзіне тараған қандастарын бір шаңырақ астына жинап, көп ұлт өкілдерін ортақ Отанға біріктірген, бүкіл әлемге қажетті халықаралық тақырыптарға бастамашы болған танымал, беделді мемлекет.

Біз Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Бұл - оның дәлелі. Орталық Азия елдері ішінде алғашқы болып БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болды. Бүкіл әлемге әйгілі ЭКСПО көрмесін ұйымдастырдық. Бұл көрме Елбасының ерен ерлігімен, парасатты шешімімен, жасампаз идеясымен «дүниеге келген» астанамыз - Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қазіргі күні де елордамыз дүниежүзінде дінаралық және ұлтаралық татулық орнатудың саяси алаңына айналды. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы - Тәуелсіздігіміздің мәңгілік іргетасы және шығыс пен батысты байланыстыратын Еуразия өркениетінің алтын ордасы, - деп айтты Нығматулин халықаралық конференцияда.


Өзгелердің жаңалығы