Ниязов: Мемлекеттік қызметкерде - мемлекеттік сана болу керек

11 Қаңтар 2021, 17:17
1548
Бөлісу:
Ниязов: Мемлекеттік қызметкерде - мемлекеттік сана болу керек

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «ANTIKOR ORTALYGY» алаңында Қызылорда облысы бойынша ақпараттық-ағарту штабының мүшесі, Қызылорда қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұхтар Ниязов мемлекеттік қызметкерлерге қатысты ойын білдірді. 

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкер өзінің жеке мәселесін ғана емес, елдің қамын жейтін адам болуы керек.

Көп жағдайда адамдар мемлекеттік деңгейге көтерілгенімен, ой-санасы рулық немесе ауылдық деңгейде немесе өз елі бола тұра өзге елге емексіп отыратын қызметкерлер бар. «Өз еліңді жақсы болғаны үшін емес, өзіңдікі болғаны үшін сүйесің» деген үлкен ұстаным бар, сол әр қызметкерде болу керек. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерді төзімі темірден жасалған, өмірі жүз жылға созылған, ақшасы өмірі бітпейтін адам ретінде елестетудің керегі жоқ. Олда сіз бен біз сияқты адам. Дегенмен оның бойында жауапкершілік екі есе жоғары болу керек. Сонымен қатар алдына келген адамды дұрыс қабылдай білу керек, - дейді М.Ниязов. 

Сөз арасында ол мемлекеттік қызметкердің өзі кейде осы мемлекеттің болашағына сенбейтін кезі болатынын жеткізді. 

Немесе аяғын үзеңгінің бір жағына салып отырады, ертең мұнда бірдеңе болса басқа жаққа қарай жылжып кетуі үшін. Әрбір мемлекеттік қызметкер менің шықсам биік тауым осы, қалсам жататын сайым осы дейтін ұстанымда болуы керек. Биікке шықсам да осы елмен бірге шығам, көрге түссем де осы елмен бірге түсем деген ой болуы керек. Осы елдің тілінен басқа менің тілім жоқ деген ұстаным болуы керек. Өзінің ұлттық тамырынан, тілінен, ділінен, дінінен, дәстүрінен нәр алып тұрса, ол қандайда бір боранға, жауынға, шөлге ұрынса да, ол өзінің болмысын сақтап қалады. Бұл жалпы халыққа керек, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерге қажет. Өзінің тіліне құрмет жасай алатын, елінің ертеңіне сенетін, мемлекеттік деңгейге жан дүниесі, санасы, жүрегімен көтерілген әрбір азамат мемлекетіміздің үлкен байлығы, ертеңге деген кепілі, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы