NVIDIA-мен бірлескен жоба: Екібастұзда қуаты 1 ГВт дата-орталық салынады

Екібастұздағы жобаға 2029 жылға қарай кемінде 1 ГВт қуат беру жоспарланған, ал келесі жылы 300 МВт-тық дата-орталықтар іске қосылады.

 istockphoto.com 24 Қараша 2026, 10:36
24 Қараша 2026, 10:36
208
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда жасанды интеллект жүйелері мен бұлттық қызметтерге қажетті есептеу қуатын арттыру жұмыстары жүріп жатыр. Екібастұзда іске асырылып жатқан «Дата-центрлер алқабы» жобасының қуатын 2029 жылға қарай кемінде 1 гигаватқа жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтты.

Министрдің сөзінше, соңғы үш жылда елімізде бірнеше деректер орталығы іске қосылған. Соның бірі – мемлекеттік цифрлық жүйелерді орналастыруға арналған Астанадағы мемлекеттік органдардың деректер орталығы.

Бұлттық қызметтер мен жасанды интеллект жүйелеріне қажетті есептеу қуатын арттырудамыз. Соңғы үш жылда елімізде бірнеше дата-центр іске қосылды. Соның бірі – мемлекеттік цифрлық жүйелерді орналастыруға арналған Астанадағы мемлекеттік органдардың дата-центрі, – деді Жаслан Мәдиев.

Алдағы уақытта тағы үш деректер орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Олар ел ішінде деректерді сақтауға және өңдеуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнеске арналған бұлттық қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда сенімділігі жоғары, Tier III және Tier IV талаптарына сай инфрақұрылым қалыптасып келеді.

Екібастұзда «Дата-центрлер алқабы» салынып жатыр

Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан «Дата-центрлер алқабы» жобасы ірі технологиялық компанияларға деректер орталықтары мен есептеу кластерлерін орналастырып, жасанды интеллект модельдерін дамытуға мүмкіндік беретін алаң болмақ.

Жобаны NVIDIA және халықаралық бұлттық қызмет провайдерлерімен бірге жүзеге асырып жатырмыз. 2029 жылға қарай алқаптың жалпы қуатын кемінде 1 гигаваттқа жеткізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары басталды. Келесі жылы жалпы қуаты шамамен 300 мегаватт болатын дата-центрлерді іске қосамыз, – деді министр.

Жоба аясында білікті мамандарға арналған жаңа жұмыс орындары ашылуы тиіс. Қазақстандық мамандар озық есептеу жүйелерімен жұмыс істеп, тәжірибе жинай алады.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, халықаралық компанияларды Қазақстанға тартуда елдің Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафикті өткізу мүмкіндігі де маңызды рөл атқарады. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуы және Қорғас пен Ақтау арасындағы «Батыс – Шығыс» магистралінің құрылысы осы бағыттағы мүмкіндіктерді кеңейтеді.

Наверх