Нұржігітов: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс

3 Маусым 2022, 16:45
1708
Бөлісу:
Нұржігітов: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі) Жамбыл облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғани Тубаев, превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жедел-тергеу бағыттарында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.  Ал, «Jambyl — Adaldyq аlany» жобалық кеңсесінің басшысы Назима Жұбандықова тұрмыстық жемқорлықпен күрес, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде шараларға тоқталды.

Ағымдағы жылдың бес айында 64 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген.

Сыбайлас жемқорлық көріністерінің туындау себептері мен шарттарын анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және кешенді сыртқы талдаулар жүргізіліп отырады. Талдау қорытындысы бойынша бұзушылықтарды жою туралы 51 нұсқама берілген.

«Сатып алудың бірыңғай терезесі» арқылы мемлекеттік сатып алуға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Оның нәтижесіне сәйкес Мемлекеттік сатып алу жоспарлары қайта қаралып, 252,6 млн теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделген.

Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептерін жан-жақты талдап, нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді,  алдын-алу жұмыстарын күшейтуді, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметшілер үшін жүйелі түрде дәрістер мен семинарлар өткізуді, тиісті департамент пен облыстық басқармалар арасындағы өзара байланысты арттыру шараларын қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, «Jambyl – Adaldyq аlany» жобалық кеңсесінің  бұрынғы форматын қайта қарастыруды жүктеді.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастырып, онымен жұмыла күресу керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды мектеп қабырғасынан бастау керекпіз. Ең алдымен, өскелең ұрпақтың санасына сыбайлас жемқорлыққа деген жеккөрушілік ұстанымын сіңіру маңызды, – деді облыс әкімі.

Басқосу барысында Нұржан Нұржігітов сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша атқарылған жұмыстар туралы бірқатар басқарма басшыларының есептерін тыңдады.

Өзгелердің жаңалығы