Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2021-2025 жылдарға арналған елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру бойынша өңірлік жоспарының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбар Әділбақов аталған жоспарға сәйкес, облыс аумағында 814,6 гектар жерге 970 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланғандығын жеткізді.
Оның айтуынша, өткен 2021 жылдың қорытындысымен 166 гектар аумаққа 232,2 мың түп көшет отырғызылған. Бұл ретте кейбір аудандар жоспарды артығымен орындағанымен, Меркі, Талас, Шу аудандары бекітілген жоспарды толығымен орындай алмады. Жыл қорытындысымен облыс бойынша ағаштардың шығымдылығы 57,6 пайыз болса, ең төменгі шығымдылық (0%) көрсеткіші Шу ауданында тіркелді. Отырғызылған ағаштарды тек Сарысу ауданында ғана қоршау жұмыстары жүргізілсе, қалған аудандарда бұл жұмыстар орындалмаған. Ал, суару жүйесі аудандардың басым көпшілігінде арық арқылы жүргізілген.
Сондай-ақ, жиында ағымдағы жылғы жоспардың орындалу барысы да назарға алынды.
Ағымдағы жылы Тараз қаласы мен аудандарда барлығы жоспарға сәйкес, 161,2 гектар аумаққа 191 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Көктем айларында отырғызылған ағаштардың жағдайы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нақты 78,5 гектарға 83,7 мың түп көшет отырғызылғаны анықталды. Т.Рысқұлов, Шу және Мойынқұм ауданындарында жоспар орындалмаған десек, Байзақ, Қордай, Меркі, Жамбыл аудандары және Тараз қаласында ағаш отырғызу жұмыстары қараша айында аяқталады деп күтілуде. Өңірлік жоспарға сәйкес, 2023 жылы Тараз қаласы мен аудандардың барлық елді мекендерінде 169,3 гектарға аумаққа 205,0 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған,- деді Айбар Әділбақов.
Облыс әкімі көшеттердің өнуі көңіл көншітпейтінін алға тартып, күтіп ұстау жұмыстарының ойдағыдай еместігін сынға алды. Жоспарды орындай алмай отырған аудандардан жеке-жеке жауаптарын тыңдады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы міндетті түрде орындалуы керек. Оның елді мекендер айналасын көгалдандырудағы маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. Көшеттердің қурап жатқанын көріп отырмыз. Бұл – басқарма тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Қурап қалған, шықпай қалған көшеттердің орнына қайта ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуі тиіс! Ағымдағы жылғы жоспар 1 желтоқсанға дейін орындалуы керек. Көшеттер суару жүйесімен қамтылып, қоршау орнатылуы маңызды, - деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Басқосу барысында тәлімбақтардың жұмысына қатысты жағдайлар да сараланды.
Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.