Нұртөре Жүсіп жаңадан құрылған Қауымдастықтың төрағасы болып сайланды

27 Қазан 2021, 13:30
3411
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп жаңадан құрылған Қауымдастықтың төрағасы болып сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Отандастар» қоры жанынан құрылған Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары қауымдастығының төрағасы болып Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп сайланды.

Бүгін Қауымдастық ресми түрде құрылды. Қатысушылар бірауыздан төраға етіп Сенат депутаты Нұртөре Жүсіпті тағайындады.

Қауымдастық құру «Отандастар» қорының ақпарат кеңістігінде жасаған батыл қадамы деп айтуға болады. Бұл ертерек қолға алынатын дүние еді, дегенмен игіліктің ерте, кеші жоқ. Жаңа байланысқа шыққан қандастарымыздың баяндамасын тыңдадық. Барлығынан Қазақстанға деген іңкәрлікті іштей сезуге болады. Сондықтан ақпарат саласында бірлесу арқылы рухани мәдени жақындастықты арттырсақ, ағайынның жүрегін жадыратады деп ойлаймын, - деді ол.

Депутат айтқандай, Ресейде орыстілді қауымдастық тұрақты жұмыс істеп жатыр.

Олар жыл сайын Сочи мен басқа қалада форум, конференцияларын өткізеді. Онда барлық елдің орыстілді ақпарат кеңістігінде жұмыс істеп жүрген адамдар жиналып, өзекті мәселелерді талқылайды. Біздің де алдымызда көп жұмыс тұр деп ойлаймын, - деді ол.

Нұртөре Жүсіп Қауымдастықтың алғашқы куәлігін Түркияда шығатын «Қазақ елі» журналының тілшісі Гүлнар Қожабаевға табыстады.

Өзгелердің жаңалығы