Бүгін елімізде өтіп жатқан республикалық референдум аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп №129 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дауыс бергеннен кейін депутат бұл күннің ел тарихындағы маңызына тоқталып, референдумның мемлекет болашағы үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
Бүгін, 15 наурыз – ел өміріндегі ең бір елеулі әрі маңызды тарихи күндердің бірі деп айтуға болады. Мемлекетіміздің болашақ дамуына бағыт-бағдар беретін Ата заң жобасы халықтың талқылауына ұсынылып, енді оның тағдырын халықтың өзі шешетін кезеңге келдік. Сондықтан әр азамат өз таңдауын жасауы тиіс, – деді сенатор.
Оның айтуынша, бұл таңдау Қазақстанның бүгінгі күні мен ертеңін байланыстыратын маңызды шешім болмақ. Сондай-ақ ол референдум елде әділетті, қуатты әрі таза Қазақстан құру жолындағы іргелі қадамдардың басталуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан бойынша референдумға арналған сайлау учаскелері жұмыс істеп жатыр. Азаматтар өз таңдауларын жасап, елдің болашағына қатысты маңызды саяси науқанға қатысуда.