Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған бильярд турнирі өтті

3 Мамыр 2021, 19:33
3129
Бөлісу:
Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған бильярд турнирі өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мереке күндері елордада жақында дүниеден өткен көрнекті тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған бильярд турнирі өтті. 

Бұл жарысты Нұртілеу Иманғалиұлының шәкірті, журналист Нұрділдә Ораз өткізді, бас демеушісі белгілі кәсіпкер - Дулат Тастекеев болды. 

Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған бильярд турнирі өтті

Турнирге телевизия мэтрінің жақын достары мен Сәдібек Түгел, Кенже Жұмағұлов, Қайрат Сақ, Шархан Қазығұл, Мұхтар Түменбаев, Тұрмағамбет Кенжебаев, Думан Рамазан, Талғат Ешенұлы, Шүкір Шахай, Амангелді Сейітхан, Зейін Әліпбек, Дәулеткерей Кәпұлы, Базарбек Түкібай, Койшыбай Есентаев, Әйткен Есдәулетов, Әлімжан Сабыржанұлы, Нұрділдә Ораз, Ахмет Сақов, Ербол Ерденбек, Мақсұт Иржанов, Данияр Орал, Жанарбек Әшімжан және өзге өнер мен мәдениеттегі саңлақ һәм сайыпқыран шеберлер қатысты. 

Бір күн бұрын Нұрділдә ініміз Нұртілеу ағаның рухына бағыштап мал шалып, баршамыздың атымыздан құран түсіртіпті. Жарыс күні түсте арнайы ас беріліп, кеште ораза ұстағандарға ауызашар жасады. Жас та болса жол мен жөнді білген Нұрділдә бауырымызға Алла разы болсын! Нұртілеу ағамыздың рухы пейіште шалқысын, - деп жазды ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан. 

Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған бильярд турнирі өтті

Оның айтуынша, жарыс Мәскеу пирамидасы жүйесімен өткен. Жеребе бойынша ойыншылар сегіз топқа бөлінді. Әр топта төрт адамнан. Топтан жоғары ұпай алған екі ойыншы келесі кезеңге шықты. Одан кейінгі 1/16, 1/8, 1/4 және финал олимпиадалық ережемен өтті. Жеңілгендер бірден саптан шығып отырды. 

Депутаттық корпустың атынан біз бақ сынадық. Топтан үш жеңіспен келесі кезеңге өттік. Кезеңдердегі қарсыластардың бәрі жеребе арқылы анықталып отырды. Әрине өте ауыр ойындар болды. Тіпті 1/16-да қарсыластан 2-7 ұтылып жатып, жанкештілікпен 8-7 жеңісті жұлып әкеткен қызық сәттер де болды. Турнирге қатысқанның бәрі соңғы жылдары топ жарып жүрген шеберлер, - дейді Жанарбек Әшімжан. 

Финалда қос журналист Мұхтар Түменбай мен Жанарбек Әшімжан кездесіп, алғашқысы чемпион атанды.

Өзгелердің жаңалығы