Сербияда күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсынов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отандасымыз Белградтағы сынның алғашқы айналымында Италия балуаны Мирко Минкуззиді 5:2 есебімен ұтты. Ал екінші айналымда оңтүстіккореялық Санг Паркты 6:1 нәтижесімен қапы қалдырды. Ал ширек финалда ирандық Наср Әлизадехтен 9:4 ұпайымен басым түсті. Енді Н.Тұрсынов жартылай финалда түрік балуаны Әли Ченгизбен өзара мықтыны анықтайды.
Бұдан бөлек, 67 келіде күрескен Алмат Кебіспаев алғашқы айналымда жеңіске жеткенімен, екінші кезеңде француз спортшысынан ұтылып қалды. Ал Франция спортшысы келесі кезеңде қырғыз балуанынан айласын асыра алмады. Ал 63 келіде күрескен қазақстандық Мұхамедәли Мамырбек алғашқы белдесуінде ресей спортшысынан 5:5 нәтижесімен ұтылып, жарысты аяқтады.