Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. UFC президенті Дана Уайт жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов пен уақытша белбеу иегері Джастин Гэтжи арасындағы жекпе-жектің 24 қазанда өтетінін хабарлады, деп жазды prosports.kz.
Мұның алдында бұл айқас жазда өтеді деп күтілген еді.
Әкесінің дүние салғаны Хабибке ауыр соққы болды. Ол оны әрқашан үлгі тұтатын. Кім үшін де жақынын жоғалту оңай емес, әрине. Бұған дейін кездесудің уақыты бірнеше рет өзгертілді. Бұл жолы спортшылармен ортақ шешімге келдік. Кездесуді күзге қарай өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Дана Уайт.
Айта кетейік, ресейлік спортшы соңғы кездесуін 2019 жылдың қыркүйегінде Дастин Порьеге қарсы өткізді. Ал бұған дейін Гэтжи UFC 249 турнирінің басты жекпе-жегінде Тони Фергюсонмен жекпе-жекке шығып, тартысты кездесуде жеңіске жеткен болатын.