Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын тұрғынүймен 6 мың көпбалалы отбасы, 7 жылда 40 мың отбасы қамтылады. Осы жылдың мамыр айынан бастап 1480 көпбалалы отбасыға баспана берілді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет отырысында айтты.
Жиын барысында ол Елбасының тапсырмасы бойынша халықтың аз қамтылған топтарын және жұмыс істейтін жастарды тұрғынүймен қамту бойынша шаралар пысықталғанын жеткізді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға және салуға қаржы қарастырылды. Республикалық бюджеттен жылына 50 млрд теңге немесе 7 жылда 350 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Жыл сайын тұрғынүймен 6 мың көпбалалы отбасы, 7 жылда 40 мың отбасы қамтылады. Осы жылдың мамыр айынан бастап 1480 көпбалалы отбасыға баспана берілді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастардың еңбек мобильділігін қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары біз жылына мың жалдамалы пәтердің құрылысын жоспарладық», - деді ол.
Сонымен қатар, ол мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы тұрғынүйлерді сатып алуға және салуды қаржыландыру көлемі ұлғайғанын айтты.
«Бұл бізде жұмыс істейтін жастарға 2019, 2020 және 2021 жылдары 3 мың жалдамалы пәтерден беруге мүмкіндік береді. Тұрғынүй құрылыс жинақ банкі көпбалалы толық емес отбасыларға және мүгедек баласы бар отбасыларға тұрғынүй алуға жылдық 2%-бен және алғашқы 10% жарнамен жеңілдетілген несие беруді бастады. Бұл мақсаттарға 3 жыл ішінде 150 млрд теңге бөлу қарастырылған», - деді министр.
Сондай-ақ ол жыл сайын 6 мың отбасы әлеуметтік көмекпен қамтылатынын айта келе Ұлттық банкпен бірге жалдамалы тұрғынүйді дамытуға жеке инвесторларды тарту тетігі әзірленгенін жеткізді.
«Осының есебінен қосымша 10 мың жалдамалы пәтер салуға мүмкіндік туады және жылына 20 мың отбасы баспанамен қамтылады. Тұрғынүй құрылысын өсірумен қатар біз әлеуметтік тұрғын үйді үйлестіру тетігін жетілдіру және бұл үдерістердің ашықтығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Бұл үшін бірыңғай республикалық автоматтандырылған кезекте тұрушылар базасы құрылуда. Азаматтар өз кезегінің жылжуын онлайн режимде қадағалай алады», - деді Роман Скляр.