Ресейдің Екатеринбург қаласында 3 ақпанға жоспарланған комик Нұрлан Сабуровтың концерті өтпейтін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ЕЖ телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Телеграм-арнаның мәліметінше, іс-шараға билеттер 1 апта бұрын толық сатылып кеткен. Алайда концерттің кейінге шегерілгенін ұйымдастырушылар да растады. Олар мұны «еңсеруге болмайтын мән-жайлармен» түсіндірген.
Билеттер үшін төленген ақша сатып алушыларға 10 күн ішінде автоматты түрде қайтарылады, — делінген хабарламада.
Нұрлан Сабуровтың өнер көрсетуі Ресейдің түрлі қалаларында 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап жаппай тоқтатыла бастады. Бұған комиктің екі әзіл-оспағы себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, оның Қазақстанға көшіп кеткен ресейліктерді акцентпен «мигранттар» деп атауы және «Что было дальше?» шоуының бір шығарылымында Иса пайғамбарға қатысты айтқан әзілі қоғамда резонанс тудырған.
Еске салсақ, бұған дейін халық әзілкеш Нұрлан Сабуровты Степногорск қаласының әкімі етіп тағайындау жайлы ұсыныс айтқан еді.