Нұрлан Нығматулин Францияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

10 Қараша 2021, 16:05
890
Бөлісу:
Нұрлан Нығматулин Францияның Қазақстандағы елшісін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Француз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дидье Канесспен Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Кездесуде Франция еліміздің Еуропалық Одақтағы стратегиялық әріптесі екенін айтқан Мәжіліс спикері Қазақстан басшылығының екіжақты саяси байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударатынын атап өтті.

Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде өтіп жатқан саяси жүйені реформалау, экономиканы жаңғырту, азаматтық қоғамды дамыту үрдістеріне назар аударды.

Сонымен қатар тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің басым бағыттары туралы айта келе, көлік және энергетика, денсаулық сақтау және білім беру салаларын атап өтті.

Франция елшісі Дидье Канесс тұрақты даму және «жасыл» экономикаға көшу саласында қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастарды дамыту басымдыққа ие екенін айтты. Бұдан басқа, Қазақстан мен Францияның ауыл шаруашылығындағы өзара іс-қимылдың әлеуеті зор екеніне тоқталды.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы тұрақты кездесулер тәжірибесін қайта бастау заңнамалық қызметті, оның ішінде өнеркәсіпті экологиялық трансформациялау, цифрландыру және т. б. мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға ықпал ететін болады.


Өзгелердің жаңалығы