Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды

30 Наурыз 2022, 11:00
1433
Бөлісу:
Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 28 наурызда Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, өңірдегі сайлау комиссияларының мүшелерімен үлкен кездесу өткізді. 

Іс-шараға 523 адам қатысты.

Сайлау жүйесін және сайлау заңнамасын жетілдіру, сайлау ашықтығы мен айқындығы, цифрлық технологияларды енгізу, байқаушылардың мәртебесін арттыру, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету сияқты мәселелер, сонымен қатар жергілікті жұртшылық өкілдері мен сайлауды ұйымдастырушылардың ұсыныстары да талқыланды.

Кездесу барысында Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауының аясында көтерген мажоритарлық және аралас сайлау жүйелерін енгізу жөніндегі бастамалары талқыланып, қалың жұртшылық тарапынан өз қолдауын тапты. 

Ауылдық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау институтын енгізу мәселелері жөнінде де пікір алмасылды. Сайланған әкімдер өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауға кіріспес бұрын кәсіби, басқарушылық және жеке құзыреттерін жетілдіруге арналған арнайы оқытудан өтуі тиіс - деген ұсыныстар айтылды. Себебі, әкімдіктің тиімді жұмыс атқаруы ең әуелі әкімнің жеке өзінің кәсібилігіне байланысты - деген пікірлер де алға тратылды.

Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдарының өкілдері сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету және мүгедектігі бар сайлаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып оларды жарақтандыру, сондай-ақ Брайль қарпін қолдана отырып, арнайы визуалды, графикалық материалдар жасау мәселелерін көтерді.

«Мүгедектер қоғамы» ҚБ басшысы Әйгерім Дәулетбаева мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдары әйелдер және жастар квотасымен бірге сайлаудағы 30% партиялық тізімге еніп отырғанын, осы жөнінде заңнамаға енгізілген өзгерістерді қолдап отырғандарын атап өтті. Дегенмен, оның пікірінше, мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезінде де мүгедектерге арналған осындай квотаны қарастыру қажет. 

Бұдан басқа, Тараз қаласы «Қазфосфат» минералдық тыңайтқыштар зауыты ЖШС бас инженерінің орынбасары Қайсар Алдахметов зауытта ауысымдық (вахталық) әдіспен жұмыс істейтін сайлаушылардың дауыс беруі үшін уақытша сайлау учаскесін құру жөнінде ұсыныс жасады, өйткені зауыт қызметкерлерінің 70%-ы осы ауысымдық (вахталық) әдіспен жұмыс істейді.

Кездесуге қатысушылар Ресей, Моңғолия және Қырғызстан елдері сияқты биометриялық сәйкестендіру технологиясын қолдана отырып, электрондық дауыс беруді енгізу мүмкіндігінің перспективалары туралы мәселені де көтерді.

Кездесу қорытындысы бойынша азаматтық қоғам өкілдері Мемлекет Басшысының жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді.

Осы күні Ортсайлауком төрағасы осы өңірдің жастарымен кездесті. Кездесу Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде өтті.

Кездесу барысында жастар өкілдері электрондық дауыс беруді енгізу, әкім лауазымына кандидат болып отырғандар арасында міндетті түрде пікірсайыстар өткізу, сондай-ақ жастар арасында сайлау мәдениетін арттыру сияқты бірқатар ұсыныстарды алға тратты.

Сонымен қатар, жастар өкілдері осы Интернет ғасырында саяси партиялар «Facebook» және «Instagram» сияқты әлеуметтік желілерде, әсіресе сайлау кезеңінде белсенді болуы керек деген пікір білдірді, өйткені бүгінде жастар үшін әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзіне айналып отыр. Сондай-ақ, жастар өкілдері әлеуметтік желілердің жастарға контент ұсыну бойынша көбірек мүмкіндіктері бар - деген ойларын алға тартты.

Кездесу барысында Ортсайлауком өкілдері сайлау процесінің кейбір маңызды мәселелері бойынша жастар арасында онлайн-сауалнама жүргізді: сауалнамаға жауап берген жастардың 26,3%-ы компьютер, смартфон, планшеттерді пайдалана отырып, қашықтықтан, яғни электрондық әдіспен дауыс беру жүйесін енгізуді қолдайтындарын білдірді. Ал олардың 23,7%-ы сайлау учаскелерінде стационарлық электрондық әдіс арқылы дауыс беруді орынды деп санаса, 13,2%-ы аралас электрондық дауыс беруді (стационарлық және қашықтықтан) жөн деп санады. Сондай-ақ, жастардың 31,6%-ы қағаз бюллетені бойынша, яғни дәстүрлі түрде дауыс беру әдісін қолдады.

Кездесу қорытындысы бойынша ОСК төрағасы өңір жастарына ашық, мазмұнды және тартымды диалог үшін өз алғысын білдірді. 

Өзгелердің жаңалығы