Биыл қазақтың көрнекті композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылы Әзербайжанда өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері Тұрақты кеңесінің 40-шы отырысының қорытындысы бойынша, 2025 жыл ұлы композитордың 100 жылдық мерейтойына орай ТҮРКСОЙ ұйымы аясында Нұрғиса Тілендиевті еске алу жылы болып жарияланды.
Қазақстанда және шет елдерде композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған естелік іс-шаралар өтуде. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Түркияда да атап өтілді. Анкарада ТҮРКСОЙ ұйымы аясында еске алу жылының ашылу салтанаты өтті.
Түркі әлемінің көрнекті қайраткеріне арналған іс-шара барысында Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы көрме қойылып, қысқаметражды фильм ұсынылды. ҚР Ұлттық кітапханасында да Нұрғиса Тілендиевті еске алу кеші өтті.