Бүгін қазақ музыкасының жарық жұлдызы, әйгілі композитор, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі ұлы сазгердің өмірі мен шығармашылығына арналған мемориалдық музей үйін аралап қайтты.
Музей үйі – компазитордың рухани әлемімен жақын танысуға мүмкіндік беретін мәдениет ошағы.
Тарихы мен орналасқан орны
Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі – композитор тұрған пәтерде орналасқан. Бұл үй 1979 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың арнайы тапсырмасымен бой көтеріп, еліміздің ғылымы мен мәдениетіне еңбегі сіңген тұлғаларға берілген. Сол уақыттан бастап Нұрғиса Тілендиев осы үйде отбасымен бірге 1998 жылға дейін өмір сүріп, шығармашылығының ең жемісті кезеңін өткізді.
Бұл пәтерде ол тек өнер туындыларын ғана жазып қойған жоқ, сондай-ақ қазақ музыкасының дамуына үлкен үлес қосты.
Оның көршілері қатарында КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, белгілі ақын Олжас Сүлейменов, академик-ғалым Д.Сокольский (1979-1987), сәулетші Ю.Ратушный (1978-1996) сынды тұлғалар болды. Бұл үй – сол дәуірдің мәдени ордасы саналған ерекше ғимарат.
Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейіне келушілер саны биыл айтарлықтай көбейген. Әсіресе, мектеп оқушылары үшін бұл жер рухани білім мен өнердің қайнар көзіне айналып отыр.







Музейге келушілер саны биыл көбірек. Бізде мектеп оқушыларына музейге кіру тегін. Келушілерді қызықтыру мақсатында композитордың бір әнін бірге орындаймыз. Сондай-ақ, домбырашы жігітіміз күй тартады. Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейінде жұмыс істегеніме 3 жылдан астам уақыт өтіпті. Өзім де өнер адамы болғандықтан, бұл музей мені баурап алды. Қала қонақтары мен тұрғындарын музейге келуге, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығымен жақын танысуға кеңес беремін, – дейді – дейді музей экскурсоводы Мөлдір Зікірбай.
Музей экспозициясы
Мемориалдық музей 169,10 шаршы метр аумақты қамтиды және бірнеше бөлмеден тұрады:
- Кіреберіс – музейге алғаш аяқ басқан сәттен-ақ, келушілерді ұлы сазгердің өмірі мен шығармашылығынан хабар беретін фотосуреттер мен ақпараттық материалдар қарсы алады.
- Қонақ бөлме – бұл жерде Нұрғиса Тілендиев қонақтарын қабылдап, өнер мен мәдениет саласындағы қайраткерлермен кездесу өткізген. Бөлмеде сазгердің тұрмыстық заттары мен тарихи маңызы бар бұйымдары қойылған.
- Жұмыс бөлмесі – композитордың шығармашылық шеберханасы. Мұнда оның бағы мен байлығына айналған музыкалық аспаптары, күмбірлеген күйлері мен әуезді әндерінің қолжазбалары сақтаулы.
- Ас үй және демалыс бөлмесі – Нұрғиса Тілендиевтің күнделікті тұрмысын бейнелейтін бөлмелер.
- Музей экспозициясында оның жеке қолданған музыкалық аспаптары, фотосуреттері, кітаптары, дирижерлік және концерттік киімдері, сондай-ақ тұрмыстық бұйымдары қойылған. Бұл жәдігерлер композитордың сан қырлы талантын ғана емес, оның өмірінің әр сәтін де айшықтай түседі.
Нұрғиса Тілендиев – әншілік, күйшілік, композиторлық қабілеті бір бойында тоғысқан ерекше тұлға. Оның мемориалдық музейі – қазақ музыкасының құндылықтарын сақтау мен насихаттаудың айғағы. Бұл мәдени мұра композитордың бай рухани әлемімен жақын танысуға мүмкіндік береді.
Музей экспозициясында Нұрғиса Тілендиевтің жеке заттары, оның шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Мұнда атақты дирижердың концерттік және дирижерлық киімдері, фотосуреттері, қолжазбаларының түпнұсқалары, кітаптары және қолданған музыкалық аспаптары сақтаулы. Сондай-ақ, оның әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін дүниеге әкелген шығармашылық жұмыс үстелі ерекше орын алады.
Бұл заттар арқылы Нұрғиса Тілендиевтің қайталанбас тұлғасын, оның жан-жақтылығын сезінуге болады. Ол тек композитор ғана емес, асқан күйші, шебер дирижер, ұлттық музыка жанашыры еді.





Музейдің мәдени маңызы
Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі – қазақ музыка өнерін сүйетін әрбір жан үшін киелі орын. Мұнда келген адам оның рухани әлеміне бойлап, шығармашылығын тереңірек түсіне алады.
Музей тек жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар ұлттық өнерді насихаттайтын мәдениет орталығы. Мұнда қазақ музыкасы мен өнеріне қатысты түрлі іс-шаралар, шығармашылық кештер, көрмелер өткізіледі.
Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі – ұлттық өнердің алтын қазынасы. Ол – қазақ музыкасының ұлы тұлғасына қойылған ескерткіш, оның шығармашылығы мен өмір жолын баяндайтын ерекше мәдениет ордасы. Қазақ халқының мақтанышына айналған Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы болашақ ұрпаққа рухани азық болып қала бермек.
Музейге бас сұғып, ұлы сазгердің шығармашылық әлеміне ену – қазақ музыкасының тарихына саяхат жасаумен тең.











