Нұрғиса Дәуешов Мексика Елшісімен кездесті

7 Қазан 2021, 20:35
3139
Бөлісу:
Нұрғиса Дәуешов Мексика Елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Мексиканың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хосе Луис Эрнандесті қабылдады.

Басқосу барысында Нұрғиса Дауешов Хосе Луис Эрнандесті Мексиканың Тәуелсіздік алғанына 200 жыл толуымен құттықтап, екі мемлекет арасындағы байланыстың дами түсетініне сенім білдірді.

Бүгінгі таңда екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс мемлекеттердің өзге құрлықтарда орналасуына қарамастан қарқынды дамып келеді. Осы саладардың ішінде Қазақстан мен Мексиканың кинематография бойынша ынтымақтастық орнатуға мүмкіндігі жоғары. 2019 жылы елімізде «Кинематография туралы» Заң күшіне енді. Аталған заң шеңберінде «Рибейт» жүйесі жұмыс істейді. Ол дегеніміз Қазақстан аумағындағы түсірілген шетелдік фильмдерге жұмсалған қаражаттың 30% кері қайтарылады. Сондай-ақ, Заңда 50 де 50 принципі бойынша кино жобаларды бірлесіп түсіру мүмкіндігі қарастырылған,-деді ол.

Осыдан кейін вице-министр пандемия кезінде ел Үкіметі тарапынан атқарылып жатқан жұмыс жайлы айтып өтті.

Бүкіл әлемді қысылтаяңға салған пандемияға қарамастан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, спорт және туризм саласына көрсетілетін тұрақты қолдауды жалғастырып жатыр. Мәселен, Президент былтыр мәдениет қызметкерлерінің жалақысын өңірлерде 35%, республика көлемінде 50% ға дейін арттыру жайлы Заңға қол қойды. Министрлік концерт ұйымдарының, театрлардың, киностудиялардың, музейлердің, музей-қорықтардың және кітапханалардың қорларын цифрлау жұмысының арқасында қазақстандықтарға үйде отырып онлайн режимде уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуге жағдай жасады - деді ол.

Еліміздің жетекші музейлері, кітапханалары, театрлары, концерт ұйымдары тақырыптық дәрістердің, семинарлардың, көрмелердің, концерттердің, спектакльдердің тегін интернет-трансляцияларын, отандық фильмдердің көрсетілімдерін, танымал мұражайлар мен туристік бағыттар бойынша 3Д-турларды өткізді. Сонымен қатар есту қабілеті нашар азаматтар үшін арнайы бейне-экскурсиялар ұйымдастырды.

Жалпы алғанда, іске қосылған көптеген онлайн және оффлайн жоба біздің республикамыздың ғана емес, шет ел азаматтарына интернетте қол жетімді. Бұл қатарда Мексика Құрама Штаттарының тұрғындары да бар. Сондай-ақ, Сіздерге ЮНЕСКО ұйымының қамқорлығымен құрылған ІІ санатты Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығымен бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынамыз. Бұдан бөлек екі ел мамандары арасында арасында реставрация саласында тәжірибе алмасуға арналған жұмысты жандандыруға дайынбыз, - деді Нұрғиса Дәуешов.

Өз кезегінде Хосе Луис Эрнандес екі ел арасындағы қарым-қатынасты, әсіресе мәдениет саласындағы дипломатиялық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін айтты.

Жақын арада Мексиканың Алматыда Консулдығы ашылады. Біздің елімізде де пандемия кезінде халықтың барлық тобына қолдау көрсетілді. Осы ретте бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан қаласында Мексиканың ежелгі кітаптары мен қолжазбаларының көрмесін өткізуді ұсынамын. Біз мексикалық режиссерлерді, сценаристерді бірлесіп кино түсіру жайлы ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Екі мемлекет арасындағы кинематография саласындағы ынтымақтастықтың берері көп екеніне сенемін,-деді Елші.


Өзгелердің жаңалығы