Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ата заңымызға енгізілетін өзгерістер халқымыздың әрбір тұрғынына не береді?
Конституциядағы өзгерістерді «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева түсіндірді.
Қазір осы сұрақ еліміздің әрбір шаңырағында және жұмыс ұжымдарының арасында кеңінен талқыланып отыр. Көрші мемлекеттердің арасында тұңғыш болып, біздің Ата заңымызда өзгертулер орын алуда. Меніңше, конституциямызға енгізіліп жатқан өзгерістер нағыз халыққа қажет. Бұл өзгерістер бізді халықтың даусын еститін мемлекетке әкеледі. Және қоғамды демократияландырудың жолы, - деді Бану Нұрғазиева.
Сонымен қатар «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті жаңа конституциядағы сайлау жүйесіне тоқталды.
Бұған дейін барлық депутаттар мен тағайындалатын тұлғалар тек саяси партиялар арқылы сайланып келді. Ол кездегі жүйе пропорционалдық деп аталды. Ал бүгінгі таңда аралас жүйе әзірленуде. Ол мажоритарлық деп аталады. Яғни, мұнда қандай да болсын елінің дамуына үлес қосқысы келген азамат «мен боламын» деп өзінің арнайы жобасымен сайлана алады. Айта кету керек, халық бәрін біледі, түсінеді. Кімнің әділетсіз, кімнің қулық-сұмдықпен жүргенін біледі, -деді Бану Нұрғазиева .
Оның айтуынша, алдағы уақытта саяси партиялар көбейіп, олардың арасында бәсекелестік артады.
98 баптағы жаңа өзгертулердің бәрінде адам құқықтарына назар аударылып отыр. Ең ауқымды дейтін өзгерістердің бірі бұл жер туралы норма . Яғни, жердің және табиғи ресурстардың иесі халық. Енді жер мәселесіне қатысты қандай да дау болса мемлекет өзі шешім шығармайды. Тек халықтың сұрауымен жұмыс істей алады, - деді ол.