Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Астана Операда» тыңдарман назарына дарынды жас музыканттарды қолдауға бағытталған жоба ұсынылмақ. 2 маусым күні театрдың Камералық залы сахнасында «Алақай, демалыс!» топтамасынан «Өнерлі жастар тартуы» атты жарқын концерт өтеді.
"Бұл күні Қазақ ұлттық өнер университеті мектебінің, сонымен қатар қалалық музыкалық мектептердің оқушылары көрермен қауымға өз шеберліктерін паш етпек, балалардың көпшілігі беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары болып табылады әрі алыс-жақын шетелдерде табысты өнер көрсетуде. Камералық зал сахнасына Әмина Ахмеджанова, Елдана Көпбай, Айлана Ермекбаева (скрикалар), Батырхан Исак, Шыңғыс Әлібек (виолончельдер), Лия Дулати, Әлтайыр Төлеміс (фортепиано), Бақытжан Тайкен, Бекежан Ибраим (блокфлейталар), Арина Серебренникова (флейта), Павел Цветцих (кларнет), Алина Әлжанова (фагот), Нұрмұхамед Естеков (валтона), Ертай Мамырбеков (ксилофон) шығады" - делінген «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сан алуан концерттік бағдарламада композиторлар Ғ.Жұбанова, И.С.Бах, А.Вивальди, К.Дебюсси, П.Чайковский, Д.Шостакович, Б. Молик, К.Берман, Ф.Зейцтің шығармалары, валторнаға арналған өңдеуде қазақтың халық әні «Қараторғай» шырқалмақ.
"Жыл бойы дарынды жас музыканттар тынбай еңбек етіп, күн сайын 3-4 сағаттап өз аспаптарымен дайындықтар жасады. Бұл балалардың бәрі де кезеңнен-кезеңге өтіп, күрделі халықаралық байқаулардың сахнасында өнер көрсеткен. Олар үлкен еңбек жасады, жеңіс жолында бар күш-жігерін салып, бірінші және екінші сыйлықтарды иеленді. «Астана Опера» театры біздің болашақ ізбасарларымыз болып табылатын дарынды жастарды – балалар мен студенттерді сөзсіз қолдап келеді. Ең үздік, ең керемет орындаушылар осы киелі сахнада өнер көрсетуге лайықты және әккі көрерменге өз өнерін ұсынуға құқылы", - дейді «Астана Опера» Камералық залының жетекшісі, Мәдениет қайраткері Маржан Жәкенова.