Нұр-Сұлтанда жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан кубогы өтті

Нұр-Сұлтанда жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан кубогы өтті
596

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада алғаш рет Халықаралық Олимпиада күніне орай 2005 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында су добынан Қазақстан кубогы өтті. 

Жарысқа еліміздің ең мықты командалары қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Қатысушылар арасында Қазақстан чемпионы Тараз қаласының құрамасы, Нұр-Сұлтан (Astana-1 және Astana-2) командасы және Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының командасы бар.

Жарыс ережесі бойынша әр ойын 4 кезеңге бөлінді, олардың әрқайсысы 8 минутқа созылды. Барлығы 10 ойын өткізілді, нәтижесінде чемпион команда мен жүлдегерлер анықталды. Іріктеу жарыстарынан кейін екі күннен соң жартылай финалға Astana-2 командасы мен Қ.Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат құрамасы шықты.

Үшінші орын үшін күрес тартысты болды, соңғы секундта интернат командасы гол соғып, алға шықты, нәтижесінде қола жүлдені жеңіп алды. Финалда Тараз және Нұр-Сұлтан қалаларының құрамалары күш сынасты, олар алдын ала турда кездескен (10:10) болатын. Бұл матч та жеңімпазды анықтаған жоқ – 4:4, кездесу тағдыры пенальти сериясында шешілді, онда Тараз құрамасы жеңіске жетті. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан командасы күміс жүлдегер атанды.

Сондай-ақ арнайы сыйлықтармен келесі қатысушылар марапатталды:

Үздік қақпашы – Ақжан Адай (Тараз);
Үздік шабуылшы – Арыстан Өмірғалиев (Astana-2);
Үздік ойыншы – Егор Белоусов (Интернат).
Кубок қорытындысы бойынша Грекияда (16 жасқа дейін) және Сербияда (18 жасқа дейін) өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін Қазақстан жастар құрама командасы жасақталады.

Жарысқа қатысқан спортшылардың бәрі естелік сыйлықтармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Оларды Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Гюзель Манюрова құттықтады.


Фото: дереккөз