Нұр-Сұлтанда «Түркия-Қазақстан бауырластық аллеясы» ашылды

6 Маусым 2021, 13:32
2425
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда «Түркия-Қазақстан бауырластық аллеясы» ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтанның ең көрікті саябағының бірі - Президенттік саябақта «Түркия-Қазақстан бауырластық аллеясы» ашылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Есіл өзенінің жағалауында ашылған және ҚР Президентінің резиденциясы – Ақордаға қарама-қарсы орналасқан аллеяға бауырлас елдердің әр жылын бейнелейтін 30 тал ағаш отырғызылды. Ашылу салтанатына Түркия елшісі Уфук Экиджи, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Елшісі Рашад Мамедов, ҚР СІМ департамент директоры Оңталап Оңалбаев және Нұр-Сұлтандағы түрік қауымдастығының өкілдері қатысты.

Түркия Республикасы елімізді егемендік алғаннан бері қолдаған мемлекеттердің бірі. Бауырлас елдің қолдауы біз үшін қашанда маңызды. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарғы Түркиямен қарым-қатынасы ынтымақтастық, өзара қолдау және сындарлы әріптестік аясында нығайып, дамып келеді. «Түркия-Қазақстан бауырластық аллеясы» Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанды жасыл елге айналдыру бастамасы аясында ашылды. Бүгінгі іс-шара екі ел арасындағы достық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Қазақстан мен Түркия өз өңірлерінде жетекші орындарға ие және көптеген мәселеде ұқсас ұстанымдарға ие. Түрік тарапына және айтулы іс-шараның барлық қатысушысына қаламызды көгалдандыру ісіне қосқан үлесі үшін алғыс айтамын, - деді Бақтияр Мәкен.
Нұр-Сұлтанда «Түркия-Қазақстан бауырластық аллеясы» ашылды

Аллеяның ашылуы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Естеріңізге салсақ, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін ең алғаш болып Түркия елі мойындаған болатын. Бауырлас елдер арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 2 наурызынан басталды.




Өзгелердің жаңалығы