Нұр-Сұлтанда пробация қызметі сотталғандарға электронды білезіктер қолдана бастады

12 Қараша 2021, 21:47
921
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда пробация қызметі сотталғандарға электронды білезіктер қолдана бастады

Нұр-Сұлтанда пробация қызметі сотталғандарға арналған электрондық білезіктерді қолдана бастады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Нұр-Сұлтанда жыныстық тиіспеушілікке қарсы баптарда көзделген қылмыс жасаған жеті сотталғанға электрондық білезіктер қолданыла бастады. Жүйе тестілік режимде іске қосылды. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сотталғандарға қатысты сот үкімімен белгілі бір орындарға баруға, атап айтқанда оқу орындарына жақындауға, түнгі уақытта үйден шығуға, пробация қызметіне хабарламай, тұрғылықты жерінен тыс жерлерге шығуға тыйым салу сияқты шектеулер қойылуы мүмкін. 

Пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың белгіленген талаптарды нақты уақытта да, өткен кезең үшін де сақтауын қадағалай алады. Қызметкер қажетті деректерді компьютердің, планшеттің немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тексере алады. 

Егер сотталған адам белгіленген шектеулерді бұзса немесе білезікті зақымдауға тырысса, бұзушылық туралы белгі дереу түседі. 

Белгіленген тыйым салуларды бұзу, электрондық бақылау құралдарын қолданудан бас тарту немесе жабдықты бүлдіру анықталған кезде пробация қызметі бас бостандығынан айыруға жазаның түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа жібереді. 

Бұл жаңалық қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту шеңберінде енгізілуде. Есепке алынған адамдарды қашықтықтан бақылау құралдары (планшеттер, электрондық білезіктер) сотталғандардың қайта қылмыс жасау тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді және пробация қызметінің бақылау сапасын жақсартады. 

Ең алдымен, білезіктер сотталғандарға, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін және жазаны өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылады. Қалған сотталғандар үшін мобильді құрылғыларда арнайы қосымшаны пайдалану көзделеді. 

Қажетті жабдық жалдау негізінде пайдаланылады, бұл оған қызмет көрсету шығындарын едәуір азайтады. 

Келесі жылдан бастап пробация қызметінің есебінде тұрған барлық адамдарға электрондық бақылау құралдарын қолдану практикасын кеңейту жоспарлануда. Барлығы 2,5 мыңға жуық электронды білезіктер мен 25 мыңнан астам мобильді құрылғылар қажет.

Өзгелердің жаңалығы