Нұр-Сұлтанда "Орталық Азия – Корея Республикасы" 12-форумы өтіп жатыр

16 Қазан 2019, 11:52
2992
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда "Орталық Азия – Корея Республикасы" 12-форумы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сыртқы істер министрлер деңгейінде "Орталық Азия – Корея Республикасы" 12-форумы басталды.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның әрдайым ОАКР форумының рөлін күшейтуге күш салатынын айтты.

"Қазақстан бастамасымен форумға сыртқы істер министрлерінің қатысу деңгейіне дейін көтерілуі біздің аймақ елдері мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытуға деген ерекше көзқарасымыздың айғағы болып отыр. Біздің ойымызша, ОАКР форумы Орталық Азия елдерінің Корея Республикасымен өзара іс-қимылын нығайтудың тиімді механизмі болмақ. Орталық Азия бүгінде маңызды стратегиялық жағдайдағы адами және экономикалық әлеуеті жоғары, табиғи және өндірістік ресурстарға ие әлемнің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ елдерімен бауырластық қатынастарды нығайтуға ерекше назар аударады. Мемлекет басшыларының кездесулері жақсы дәстүрге айналды",- деді Сыртқы істер министрі.

Ол Корея түбегіндегі жағымды өзгерістерді айта келе, Қазақстанның Корея түбегіндегі бейбітшілік процесін және Сеулдің аймақтағы шиеленісті азайту және корейаралық қатынастарды дамыту саясатын қолдайтынын жеткізді.  

ОАКР форумының 12-отырысының күн тәртібінде техникалық стандарттау, су ресурстарын басқару, IT-жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық сияқты перспективалы бағыттар қаралып отыр.

"Техникалық стандарттау саласындағы ынтымақтастық Орталық Азия аймағы мен Корея Республикасы арасындағы өзара әрекеттестіктің маңызды аспектісі болып отыр. Біздің аймақта Samsung, LG, Hyundai, KIA сияқты корей компаниялары бар. Төртінші өнеркәсіптік революцияға өту дәуірінде біз техникалық стандарттау саласындағы жалпы ережелерді ұстануымыз керек",- деді Тілеуберді.

Форумның бағдарламасында бірнеше пленарлық отырыстар, мемлекеттердің тұрақты дамуы бойынша өзекті сұрақтарды талқылау мақсатында бірқатар екіжақты кездесулерді өткізу жоспарланған.



Өзгелердің жаңалығы