Нұр-Сұлтанда мәнерлеп сырғанаудан қаланың ашық чемпионаты өтіп жатыр

17 Қараша 2021, 21:15
1177
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда мәнерлеп сырғанаудан қаланың ашық чемпионаты өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 15-19 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан «Nur-Sultan Open» ашық чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Турнир «Алау» мұз сарайында өтуде. Оған балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ спорт шебері мен спорт шеберіне үміткерлер қатысады. Жеке разрядтағы жарыстар Халықаралық конькишілер одағының талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.

Жарысқа елордалық мәнерлеп сырғанаушылар да, еліміздің басқа өңірлерінен, соның ішінде Теміртау, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Алматы қалаларынан келген жас спортшылар да қатысуда. Барлығы 300-ге жуық спортшы іріктелді.

Оксана Семченко – көптеген мәнерлеп сырғанаушыны тәрбиелеген жаттықтырушы, олардың көпшілігі осы спорт түрінен үлкен жетістіктерге жеткен.

Бұл ең әдемі спорт түрі, осы спорт түріне деген сүйіспеншілікті біз балаларға үш жастан бастап дарытамыз. Мұз үстінде қадам басқан бала одан кеткісі келмейді. Оны жеке тәжірибемнен растай аламын. Тәрбиеленушілердің ата-аналарымен туыс болып кеттім деуге болады, бұл менің екінші отбасым, - деп турнир төрешісі Оксана Семченко өз ойымен бөлісті.

Турнирдің ерекшелігі – жас спортшылардың өнерін жарысқа алғаш рет арнайы шақырылған халықаралық төрешілер бағалайды.

Менің ойымша, Нұр-Сұлтан тұрғындары үшін бұл өте маңызды спорттық іс-шара. Бірінші кезекте Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне және қалалық спорт басқармасының басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Мәнерлеп сырғанаудан болашақ чемпиондарымызға осындай әдемі жарыстарды ұйымдастырғаны үшін, әр баланың спорт пен өнерге шығармашылық тұрғыдан қарағаны үшін рахмет, - деді турнирге қатысушылардың бірінің ата-анасы Болат Жолдығұлов.

Көрермендер мен жанкүйерлер үшін кіру Ashyq жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, чемпионат YouTube арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.


Өзгелердің жаңалығы