Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мұның себебі – құрылыс саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі және салынуы жоспарланған нысандар санының аздығы. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында қала әкімі Бақыт Сұлтанов айтты.
Елорда әкімінің айтуынша, биыл ірі төрт нысан салу жоспарланған. Былтыр мұндай 12 нысан болған.
«Инвестициялар екі есеге төмендеп отыр. Мұның негізгі себебі – құрылыс саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі. Елордада құрылыс жұмыстары 43%, тұрғын-үйлердің шаршы метрінің салынуы 35% төмендеп отыр. Мұның себебі өткен жылы І тоқсанда ірі жобалар аяқталған болатын. Оның ішінде, Халықаралық қаржы орталығын орналастыру үшін ЭКСПО павильондарын реконструкциялау жұмыстарына 20 млрд теңге бөлінген. Биыл мұндай жобалар жоқ. Соңғы екі жылдың ішінде қалада 12 маңызды ірі объекті пайдалануға берілсе, биыл төрт қана ірі нысан іске асырылуда. Оның ішінде, ірі LRT желісінің құрылысы бүгінде тоқтатылуына байланысты бұл да өз әсерін беріп отыр. Үкімет және Ұлттық банкпен бірге бұл мәселені ішкі көздермен қаржыландыруды пысықтаудамыз», - деді елорда әкімі.
Сонымен қатар, қала басшысы елордаға инвестиция тартудағы республикалық бюджеттен бөлінген қаржының аздығын атап өтті.
«Қаланың инвестициялық жобалары бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру 198 млрд теңгеден 115 млдр теңгеге дейін төмендеуі өз әсерін беріп отыр. Жалпы құрылыс саласындағы жұмысқа берілетін шаршы метрлерге 495 мың шаршы метр қосылған, былтыр 763 мың шаршы метр болды. Мұның да объективті себебі бар. Бұрын құрылысшылар нысандарын бос жерлерге салған болатын. Қазір негізгі объектілер бар. Алдын ала саяжайларды босату секілді аумақтарда жұмыстар жасалып жатыр. Дегенмен барлық құрылысшымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл Мыңжылдық аллеясында тағы саяжайларды бұзып, оның орнына жаңа нысандар салып, пысықтап отырмыз», - деді Сұлтанов.
Әкім жыл соңына дейін берілетін құрылыстағы шаршы метр санын арттыруды ұсынды. Ол Премьер-министрден жоспарланған көлемді 2 млн шаршы метрге дейін ұлғайтып, бекітуді сұрады.
«Осы жұмыстың арқасында біз алдын ала 1,7 млн шаршы метрді қосуды жоспарлағанбыз. Бірақ біз қосымша жұмыстардың арқасында 2 млн шаршы метрге көтеруді сұраймыз. Осы көрсеткішті елордаға бекітуді сұраймыз. Сонымен қатар, инвестицияларды айтатын болсақ, былтырғы жылдың көлемін 1 трлн-ға дейін жеткізетін боламыз», - деп аяқтады сөзін Нұр-Сұлтан әкімі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада құрылыс қаңтар-наурызда 1,9% өсті, сондай-ақ биыл елімізде құрылыс бойынша артта қалған өңірлер саны сегізден төртке қысқарды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.