Нұр-Сұлтанда «Elorda Zhastary» бағдарламасына 1000-ға жуық өтініш түсті

21 Қазан 2021, 18:32
5881
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда «Elorda Zhastary» бағдарламасына 1000-ға жуық өтініш түсті

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында биыл басталған – «Elorda Zhastary» бағдарламасына өтініш білдіріп жатқан жастардың қатары күн санап артып келеді. Бүгінге дейін 1000-ға жуық азаматтан өтініш түсті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау бүгін, 21 қазан күні сағат 23:59-да аяқталады.

Бұл бағдарлама 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда) елордалықтарға арналған. Сондай-ақ, қандай да бір қызмет саласына жатпайтын, бірақ Нұр-Сұлтан қаласында «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар да қатыса алады.

«Elorda Zhastary» бағдарламасының шарттары:

- Отбасы банкінің салымшысы болу (1.8 млн теңгеден кем емес депозиті болуы керек).
- Несие сомасы 18 млн теңгеге дейін;
- Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5%;
- Бастапқы жарна 10%;
- Несие мерзімі 25 жылға дейін;
- Бастапқы/қайталама нарықтардағы пайдалануға берілген тұрғын үйіне «КЖК» АҚ кепілдігі болған кезде үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үй.
«Elorda Zhastary» бағдарламасына қатысушылара қойылатын талаптар:
- Өтініш берген сәтте жұбайының (зайыбының) жасына (бар болса) қарамастан 35 жасқа дейін (қоса алғанда) азаматтар;
- Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінде ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы;
- Өтініш берушіде кемінде соңғы 1 жыл бойы Нұр-Сұлтан қаласында тұрақты мекенжай тіркеуі болуы және өтініш берушінің отбасы мүшелерін (жұбайы/зайыбы және балалары) Нұр-Сұлтан қаласында тіркеуі тиіс.

- Отбасының 1 мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы 6 ең төмен күнкөріс деңгейінен немесе отбасының бір мүшесіне шаққанда 205 812 теңгеден (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды шегере отырып) аспауы тиіс. Мысалы: өтініш беруші некеде болып, кәмелетке толмаған екі баласы болса, отбасы құрамын ескере отырып, ерлі-зайыптылардың жиынтық табысы айына 823 248 теңгеден (4*205 812=823 248) аспауы тиіс, Ең бастысы – бұл сомадан аз болуы тиіс.

Бүгінге дейін мына саланың мамандары аталмыш бағдарламаға өтініш берді:

- Денсаулық сақтау саласы бойынша өтініш бергендер саны – 266;
- Білім саласы бойынша өтініш бергендер саны – 227;
- Мәдениет саласы бойынша өтініш бергендер саны – 52;
- Спорт саласы бойынша өтініш бергендер саны – 20;
- ЖОО және ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер саласында өтініш бергендер саны – 69;
- Әлеуметтік сала бойынша өтініш бергендер саны – 57;
- БАҚ саласы бойынша өтініш бергендер саны – 49;
- Коммуналдық кәсіпорындар мен мекемелер саласы бойынша өтініш бергендер саны – 126;
- «Жетім балалар» санаты бойынша өтініш бергендер саны – 10;
- «Полиция қызметкерлері» санаты бойынша өтініш бергендер – 35;
- «ТЖД қызметкерлері» санаты бойынша өтініш бергендер саны – 43.

Аталған тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға әкімдіктің 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Zhastary» бағдарламасы көмектеседі. «Elorda Zhastary» бағдарламасы жастарға, соның ішінде тұрғын үй желісі бойынша толық қолдау көрсетуге бағытталған. Сонымен қатар, «Elorda Zhastary» бағдарламасында білім беру, жұмыспен қамту, бос уақытты өткізу және т. б. бағыттар бар.

Өзгелердің жаңалығы