Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары бірнеше ай бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді, күн сайын қаладағы 100-ден астам кәсіпкерлік нысаны арасында карантин талаптарын бұзғандарды анықтайды деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
5 тамызда мониторингтік топтар 11 мекемені әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Алматы ауданында «Пражечка» гриль-бары, Rezident spa спа орталығы және Comeback ойын клубы карантин режимін бұза отырып жұмыс істеді.
Дәл осындай бұзушылықтар Байқоңыр ауданындағы Fakir" дәмханасы мен «Правый» лаундж-барында да болды.
Сарыарқа ауданында «Көктал Парк» дәмхана мен Cofee Boom 2 кофеханасы мониторингтік топтардың тексерісінен өткен жоқ. Мекемелерде карантин және бетперде режимі сақталмаған.
Есіл ауданының «Мята Lounge» қызметін көрсету орнында, Alif дәмханасында және Chechil Pub барында жұмыс режимін бұзу, жазғы орындардың жұмыс істеуі, келушілер мен әкімшіліктің маска режимін бұзуы, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы анықталды.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, тәулік сайын қалада КВИ жұқтырудың 1300-ден астам жағдайы анықталып, коронавирустың орташа және ауыр ағымы бар 300-ге жуық адам ауруханаға жатқызылуда. Осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын мүлтіксіз сақтауы, адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болуы тиіс. Шектеу шараларын елемеу аурудың өршуіне алып келуі мүмкін.