Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының коменданты Ержан Сәденовтің Нұр-Сұлтан қаласындағы Төтенше жағдай режимі туралы бұйрығы шықты.
Құжатта төтенше жағдай кезеңіндегі Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасы аппаратының құрамы бекітілгені айтылған.
Төтенше жағдай режимі кезеңінде тиісті органдар мен мекемелерге мынадай шаралар мен шектеулер енгізу міндеттелді:
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтауды күшейтсін;
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған күзет қызметінің басқармасы аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін объектілерді және көліктің жұмыс істеуін күзетуді күшейтсін;
Жергілікті полиция қызметі басқармасына патрульдік полиция полкінің және мамандандырылған патрульдік полиция батальонының, «Алматы», «Байқоңыр», «Есіл» және «Сарыарқа» аудандарындағы полиция басқармаларының командирлері:
- Астананың тыныс-тіршілігін және көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларға тартылған адамдар мен көлік құралдарын қоспағанда, Нұр-Сұлтан қаласында сағат 23.00-ден бастап сағат 07.00-ге дейінгі кезеңде жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдарының еркіндігіне шектеулер белгілесін;
- жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарын құжаттарды, жеке басын, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеруді қамтамасыз етсін.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесіп қалаға кіруді, сондай-ақ, астанадан келіп-кететін барлық бағыттарға блокпост орнату арқылы өтетін қозғалысты шектесін.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі:
- бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салуға;
- ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтату әрекеттеріне тыйым салуға;
- қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, арнайы құралдарды, улы заттарды сатуға тыйым салуға, дәрілік, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімінің айналымына ерекше режим белгілеуге;
- қоғамдық көліктің штаттық режимдегі жұмысын қамтамасыз етуге құқылы.
Әкімшілік полиция басқармасы жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрілерді, ал заңды тұлғалардан қару, оқ-дәрі, улы заттармен қатар жауынгерлік және оқу әскери техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қоюды қамтамасыз етсін.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі іс-шараларды ұйымдастыруға байланысты шығыстарға ақшалай қаражат бөлуді қамтамасыз етсін.