Нұр-Сұлтан қалалық сотының жаңа төрағасы тағайындалды

13 Шілде 2022, 11:31
1383
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан қалалық сотының жаңа төрағасы тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов сот ұжымына Нұр-Сұлтан қаласы сотының жаңа төрағасы Жұмағұлов Ақан Маратұлын таныстырды.

Бұрын Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарған Ақан Жұмағұлов Президенттің 2022 жылғы 11 шілдедегі Жарлығымен елорданың қалалық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.

Іс-шараға қала әкімі Алтай Көлгінов, алқа төрағалары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, қалалық соттың судьялары, Соттар әкімшісінің басшылығы, Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Жарқын Құсайынов, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҰҚКД бастығының орынбасары Болат Хамзин, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастығы Мұрат Қарымсақов, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Қайрат Бижанов қатысты.

Елордалық соттың жаңа төрағасын таныстыра отырып, А.Жүкенов оны құқық қолдану практикасы мен сот төрелігін іске асыру сапасына ерекше назар аударатын судьялар корпусында өзін танытқан жоғары білікті маман ретінде сипаттады.

Жоғарғы Сот алқасының төрағасы осы Жарлықпен тағайындалған аудандық соттардың төрағалары мен елордалық қалалық соттың судьяларын да таныстырды.

Есіл аудандық сотының төрағасы болып Алмас Сәлімов, Есіл ауданының №2 аудандық сотының төрағасы болып Дәуренбек Даумов тағайындалды.

Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы лауазымына Айбек Әмірғалиев, Гүлнәр Дәулешова, Анар Кәрімова тағайындалды.

Соңында Әбдірашит Жүкенов тағайындалған төрағалар мен судьяларды қызметке кірісуімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы