Нұр-Сұлтан қаласының мәслихат депутаттығына 87 адам үміткер

14 Желтоқсан 2020, 15:49
1928
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан қаласының мәслихат депутаттығына 87 адам үміткер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова елорда мәслихаты депутаттығына үміткерлерді тіркеу жөніндегі кандидаттардың партиялық тізімдерін қортындылап берді.

Заңға сәйкес биыл алғаш рет мәслихатқа сайлау саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша өтеді. Сайлау туралы конституциялық заңы 89-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс. 

ҚР мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспарына сәйкес, партиялық тізімдерді ұсыну 2020 жылғы 10 қарашадан 4 желтоқсан аралығында жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына қатысуға Әділет министрлігінде белгіленген тәртіппен тіркелген 6 саяси партия жіберілген болатын, - дейді Бақыт Бектемісова.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының қалалық сайлау комиссиясына 5 саяси партиядан тізімдер келіп түскен. Атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңірлік филиалынан, ADAL саяси партиясы» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалынан, Nur Otan партиясы» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалынан, «Ақ жол» демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалынан, «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қалалық филиалынан.

Саяси партиялардың филиалдары құжаттарды «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заң талаптарына сәйкес ұсынды.Партиялық тізімдерді тіркеу 2020 жылғы 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталды. Партиялық тізімдерге 88 кандидат енгізілді. Оның ішінде: «Nur Otan» – 62, «Ауыл» – 5, «Ақ жол» – 9, «ADAL» – 9, «Қазақстан Халық партиясы» 6 кандидат ұсынды, - дейді сайлау комиссиясының төрағасы.

Қалалық сайлау комиссиясына ұсынылған партиялық тізімдерде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны - 36, яғни 40,9 пайызды құрады. Партиялық тізімдерге енгізілген тұлғалардың заңнама талаптарына сәйкестігі анықталған. Кандидаттан келіп түскен өтініші бойынша «Nur Otan» партиясының партиялықтізімінен 1 кандидатты алып тастау туралы шешім қабылданыпты. 

Осылайша, партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың саны 87 адамды құрады, оның ішінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны - 35. Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес, барлық саяси партиялар сайлау жарнасын енгізді. 5 саяси партия филиалдарының партиялық тізімдерін қалалық сайлау комиссиясы тіркеді және олар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды, - деді Бақыт Бектемісова.



Өзгелердің жаңалығы