Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы өңірлерге сапарын жалғастыруда. Бүгін партия мүшелері Батыс Қазақстан облысына келді.
Өңірдің ұстаздар қауымымен кездесуде алдағы 5 жылда білім саласын дамытудың негізгі басымдықтары талқыланды.
Бұдан соң билеуші партия өкілдері волонтерлармен, студент жастармен және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 желтоқсанда өткен Jas Otan-ның съезінде бастау алған «Мен Nur Otan-ға мүше боламын» жастар челленджінің аясында партия қатарына қазірдің өзінде 6 мыңнан астам жас қазақстандық қосылды.
Осы күні партия мүшелері Орал трансформатор зауытының жұмысшыларымен кездесуде өңірдің проблемаларын талқылады.
Партия 5 жыл ішінде облыста 800 км-ден астам автомобиль жолдарын жөндеу, ауыл тұрғындарының сумен қамтылуын 100%-ға жеткізу міндетін қойып отыр. Өңірде 11 жаңа мектеп және 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй салынады. Осы арқылы әлеуметтік мұқтаж азаматтарға 8 мың пәтер берілетін болады.