Ноғаев Қызылорда облысының энергиямен жабдықтау жүйесімен танысты

29 Қараша 2020, 18:46
1755
Бөлісу:
Ноғаев Қызылорда облысының энергиямен жабдықтау жүйесімен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысындағы бірқатар энергиямен жабдықтау нысандарын аралады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Сапардың алғашқы нысаны «Қызылорда электр тарату желілері» АҚ болды. Аталған нысан 1964 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде онда 1 016 адам қызмет атқарады. Компания аймаққа электр энергиясын беру және таратумен айналысады. Қазіргі таңда облыс бойынша электр желілері желілерінің ұзындығы 10 046,3 км, оның ішінде әуе желілері - 9 924,4 км, кабель желілері – 121,9 км.

Мұнан соң министр мен облыс әкімі «Қызылорда жылу электр орталығында» болды. Аталған орталық 1964 жылы іске қосылған және облыс орталығын орталықтандырылған жылумен қамтитын бірегей нысан.

Орталыққа қарасты қала бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы - 186,8 км. 

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қос нысанды жаңғырту бойынша Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа ұсыныстарын жеткізді. 

Сонымен қатар, энергетика министрі Жосалы кентіндегі «Жосалы» ҚС-220-35/10 кВ электр станциясына жүргізілген қайта жаңарту жұмыстарымен танысты. Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қармақшы ауданында электр желілері мен қосалқы станцияларды қайта жаңартудың 3 жобасы бойынша жұмыс аяқталып қалды. Оның ішінде бір жоба - «Жосалы» 220/35/10 кВ электр станциясының электр желілерін жаңғырту. Жобаны жүзеге асыру барысында қуаты 25 МВА 220/35/10 кВ пен 6,3 МВА 35/10 кВ трансформаторлары орнатылып, 220 кВ және 35 кВ тарату құрылғысы салынады. 

Сонымен қатар, сыртқы қондырғыларға арналған ашық тарату құрылғысын салу жоспарлануда. 

Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев «Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің 6-10/0,4 кВ электр желілерін кеңейту және қайта жаңарту» және «Төретам кентінің 35/10 кВ № 22 қосалқы станциясын кеңейту және қайта жаңарту» жобаларын жүзеге асыру барысымен танысты. 

Осы жобаларды іске асыру энергия тұтыну режимдерін оңтайландыруға, қазіргі заманғы жабдықтарды қолдану және жаңа технологияларды енгізу есебінен электр энергиясының ысырабын азайтуға ықпал етеді, сондай-ақ 18 304 тұтынушыны сапалы үздіксіз энергиямен жабдықтайды.


Өзгелердің жаңалығы