НКВД құжаттарында 1931-33 жылғы ашаршылықтан 2,5 млн адам қырылғаны айтылады – тарихшы

30 Мамыр 2022, 15:15
6056
Бөлісу:
НКВД құжаттарында 1931-33 жылғы ашаршылықтан 2,5 млн адам қырылғаны айтылады – тарихшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір 20-шы ғасырдың тарихына көп көңіл бөлініп жатыр.

Тіптен, кейбір елдерде Совет үкіметін қалпына келтіреміз, оны тірілтеміз, аяғынан тұрғызамыз деген қорқынышты әңгімелер айтыла бастады. Бұл өте қауіпті ойлар. 

Ол Қазақстанның және өзге де Посткеңестік республикалардың Тәуелсіздігінің тамырына балта шабу деп білемін. Бұл туралы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов айтты. 

Деректер ашылса құрбандар саны еселене түседі

НКВД құжаттарында 1931-33 жылғы ашаршылықтан 2,5 млн адам қырылғаны айтылады – тарихшы

Совет тұсында Қазақ елінің және басқа да мемлекеттердің тарихы қасіретті күндерге толы, сондықтан оны қайта аңсауға болмайды, дейді тарихшы.

Президенттің бір баяндамасында 1921-1922 жылдары Қазақстан Республикасының 1 млн-нан астам азаматы туыстарынан айырылып қалғаны туралы дерек атйылды. Яғни, тек 1921-1922 жылдары елімізде 1 миллионнан астам адам ашаршылықтан қырылған. Мұндай жайттарды еске алған соң Совет үкіметі керек емес деген ой туады. Одан кейін 1928 жылы қазақтың қаймағы болған, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің, діни, мәдени-материалдық құндылықтарының тұғыры болған 1054 бай отбасын тәркілеп, өзге аймақтарға жер аударған. Ал, 1931-1933 жылғы аштық жайлы НКВД архивтерінде 2,5 млн адам қырылғаны айтылады. Ол аштықтан өлгендерге санақ жүргізгеннен кейін 1938 жылы жазылған, НКВД өкілдері өтірік дерек бермейді деп ойлаймын. Сондай-ақ еліміздегі өзге ұлт өкілдерінен 200 мыңдай адам аштықтан өлгені жазылған, - дейді Зиябек Қабылдинов. 

Аштық кезінде көп қазақ шетелге босып кетті. 100 мыңнан астам адам қырғыз елінің қамқорлығы арқасында аман қалыпты. Тарихшының айтуынша, Алматы облысы, қазіргі Түркістан облысы, Шығыс Қазақстан, тіптен Қарағанды облысынан Қырғызстанға кеткен азаматтар көп болған. 

Қырғызстанға барғандардың көбі бас амандығын сақтап қалған, кейін 30 шақты адам жоғарғы соттың басшысы, министр Нарком, орынбасарлары сияқты үлкен қызметте болған. 1937 жылдары қырғыздармен қатар олардың да көбі қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл дегеніңіз қырғыздардың бауырмалдығы, туысқандығының арқасы, сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін, - деді ол. 

Сонымен қатар ол бүгінге дейін 1937 жылдары 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады деп айтып келгенімізді, алдағы уақытта бұл сандар еселене түсетінін жеткізді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған үлкен жоба іске асатын болса, қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандар саны еселене түседі, 500 мың немесе 1 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Өйткені көбін сотсыз шетінен ата берген. Олардың әрқайсысының аты-жөні, сандары шықса ертең жағдай басқаша болады. Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргінге ұшыраған ел азаматтарын толық ақтау жөнінде зерттеу жүргізіп жатыр. Соның негізінде 2 том мұрағат материалдары шықты. Онда құпия деген грифін алып тастаған құжаттар ғылыми айналымға шықты. Яғни, бұрын зерттеушінің қолына жетпеген екі том материал басылып шықты. Оған қоса қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын тіркейтін сайт жасалып жатыр, - деді институт директоры. 

Сонымен қатар ол жақында қуғын-сүргінге ұшырағандарды зерттейтін арнайы журнал ашылатынын айтты. 

Қазір бұл журналды шығаруға дайындық жүріп жатыр. Соның ішінде категорияға байланысты халықаралық тәжірибені ескеріп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға байланысты ғылыми мақалалар шығады. Екіншіден, Украина елінің тәжірибесін алу керек, олар 1990 жылдары ашаршылықтан қырылғандардың аты-жөндерін анықтап алған. Өкінішке қарай біз 30 жылдай уақытымызды жоғалтып алдық. Дегенмен, әлі де кеш емес, 90-ға келген ата-апаларымыздан ашаршылық, қуғын-сүргін бойынша сұрап, жақындарының есімдерін алуға болады, - деді Зиябек Қабылдинов.

Бішкек көшелерінде қазақтар қырылып жатты

НКВД құжаттарында 1931-33 жылғы ашаршылықтан 2,5 млн адам қырылғаны айтылады – тарихшы

Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің К. Дыйканбаев атындағы Жоғарғы Дипломатиялық академиясының проректоры, т.ғ.д., профессор Зайнидин Кұрманов қазақ-қырғыз қандай нәубет болмасын бірін-бірі қолдап, қолұшын беруге даяр болғанын айтады.

1931-1933 жылғы Қазақ жерінде болған ашаршылықта қырғыздар қандай қиындықты бастан өткеріп жатқанына қарамастан босып келген қазақтарды бауырына тартып, оларды аман алып қалуға барын салды. Ол кезде Қырғызстан шағын, енді дамып келе жатқан ел болатын, қиындығы өз басынан асатын. Қарағанды, Шымкент, Алматы, Жамбыл облыстарының қазақтары Қырғызстанға қарай ағылды, Өзбекстанмен шектесетіндер соларға кетті, Солтүстіктің қазағы Ресейге ағылды. Кейбірі Қытай, Моңғолия асты. Ол кезде ашаршылық тақырыбы жабық болған. Қырғызстанға келген қазақтарды аштықтан босып келді деп айтқызбаған, көшпенділер көшіп жүр деп қана айтқан. Арып-азған бала-шаға, бір тілім нанға зар болған халық Бішкек көшелерінде шыбын сияқты қырылып жатты. Бұл жағдайды көзімен көрген апам ол кездерді өте қорқынышпен еске алатын. «Жүрегіміз шыдамай кетті, туғандар қырылып жатты. Әркім шамасы келгенше көмектесіп жатты»  деп айтып отыратын, - дейді профессор. 

Профессор Зайнидин Кұрманов ашаршылықтан босып Қырғызстанға ауған халыққа алғашқылардың бірі болып жас саяси белсенді Жүсіп Әбдірахманов көмекке келгенін жеткізді. Ол кісі өзінің саяси мансабын Алматыда, Жетісу комсомол көшбасшысы ретінде бастаған екен. 

Ол тұста аштықтан босып келген қазақтарға көмек беруге рұқсат болмаған, соның бәріне қарамастан Әбдірахманов халықты көмек жұмыстарына жұмылдыра білді. «Қазақ бауырларымның бұлайша қырылуына жол бермеймін» деп кесіп айтқан. Осылайша Партия хатшыларына хат жазып, тіптен Сталиндік саяси бюроға дейін шығады. Бастапқыда шенеуніктерден бастап барлығы бас сауғалап келген халыққа көмек қолын беруге қорыққан. Өйткені бұйрық сондай болды, ашаршылық жайлы айтқызбады. Бәрі ЦК-дан бұйрық күтіп отырды. Міне, бюрократиямыз сол кезден қылаң берген. Соның барлығына қарамастан Жүсіп Әбдірахманов бас көтеріп, халықты көмек беруге ұйымдастырады. Оның ерік-жігерінің арқасында көптеген адам тірі қалды. Ол кісі бар болғаны Кеңес халықтарының комиссары болды. Оның НКВД, ІІМ басқа да органдарға ықпал ете алатын құзыреті болмады. Бірінші хатшы Шахраевты пленумда жауапқа алып, адамгершілік танытуды сұрайды. Кейін мұның арты немен бітерін біле тұра барлығы оны қолдайды. Өйткені ол кезде репрессия басталып жатқан еді, - дейді Кұрманов. 

Профессор сондай-ақ Қазақстан өз өткенін қайта қарау, зерделеу бойынша  және қуғын-сүргін құрбандарын ақтауда үлкен жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. 

Үлкен шешімдер мен құлшыныстың арқасында сіздер көздеген мақсаттарыңызға жетіп жатырсыздар. Бұл бізге үлгі. Шетелден келген қонақтар «Қырғызстан Орталық Азиядағы ең демократиялы ел» деп айтқанымен, саяси құрбандарды ақтау бойынша атқарылған жетістіктерміз жоқ. Сіздердің бұл бағыттағы жұмыстарыңыз бізді жігерлендіріп, шабыттандыра түседі, - деді ол

Сондай-ақ ол елге барған соң Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін Арнайы қызметтер архивінің құпиясын ашу жөнінде тағы да көндіріп көретінін жеткізді. Қырғызстандағы архивтердің барлығының құпиясы ашылған, тек арнайы қызметтің мұрағаттарына рұқсат берілмеген екен. 

Қазақ бауырлар барлық архивке рұқсат алыпты. Бұрын белгісіз болып келген құжаттар жарияланып жатыр, шығып жатқан кітаптар да көп. Бізде 1965 жылға дейінгі құжаттарға рұқсат жоқ. Демократиялы Қырғызстан бұған келгенде түсініксіз консерватизм танытып отыр. Бұрынғы КГБ жоқ, Совет үкіметі де жоқ. Дегенмен біз сол кездегі құпиялар мен олар  жасаған бассыздықты әлі де сақтап отырмыз. Бұл тарихшылармыздың ашуын келтіреді. Архив құжаттары ашылмаса тарихи зерттеулер жүрмейді. Егер бұл құжаттар ашылса бұған дейін айтылып келген тарихи оқиғаларға басқаша баға берілер еді. Мәселен, 1916 жылғы көтеріліс әлі бұрынғы қалпында. Өйткені құпия архивтерге рұқсат жоқ. Сондықтан бұл жерде қазақ бауырлармыздың деректеріне арқа сүйеуге тура келеді. Өйткені 1916 жылғы Ресей империясына қарсы көтеріліс қазақ-қырғызды бірдей шарпыды, - дейді профессор. 

Ақиқат қашанда ащы

«20-шы ғасырдағы қуғын-сүргін құрбандарының материалын зерделеу орталығының» басшысы, саяси ғылымдарының докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова репрессия құрбандарын ақтау жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып берді.

НКВД құжаттарында 1931-33 жылғы ашаршылықтан 2,5 млн адам қырылғаны айтылады – тарихшы

1993 жылғы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылданған. Бірақ ол кезде толық ақтау жүзеге аспаған. Сол кездегі мемлекеттік комиссияның жұмысының нәтижесінде Азалы кітап жарық көрген, бірақ құрбандарды толық ақтауға мүмкіндігі болмаған. 

Бүгінгі комиссия сол кездегі жұмыстың жалғасы деуге болады. 2020 жылғы жарлық негізінде республикалық комиссия құрылса, өңірлерде 10-нан астам комиссия, оннан астам бағыт бойынша жұмыс жүріп жатыр. Одан бөлек Президент архивінің жанынан «20-шы ғасырдағы қуғын-сүргін құрбандарының материалын зерделеу орталығы» ашылды. Орталықтың басты мақсаты – қуғын-сүргінге қатысты материалдарды бір орталыққа жинап, одан әрі зерделеу, - дейді Гүлшат Нұрымбетова.

Оның айтуынша, елімізде ҰҚК-нің архивінен басқа ІІМ, Бас прокуратура, Арнайы мемлекеттік архивтер бар. Солардың қорында саяси қуғын-сүргінге қатысты материалдар жинақталған. Қазір бұл құжаттар кезең-кезеңімен Президент архивіне өткізіліп жатыр екен. 

Құжаттарды толық алып болған жоқпыз, бұл бір жылда атқарылатын іс емес. Себебі құжаттар өте көп. Оның үстіне үш архивтен құжаттар орталыққа жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұған дейін 2014 жылы ҰҚК-і қуғын-сүргінге қатысты құжаттарды ІІМ-не өткізген. Енді ІІМ-і Президент архивіне өткізіп жатыр. Дегенмен ҰҚК-де әлі де құжаттар қалып отыр. Осы уақытқа дейін ІІМ-нен Алматы, Атырау, Шымкент, Жамбыл облысының материалдарын қабылдап үлгердік. Қазір жұмыс сәл тоқтап тұр. Өйткені бұл құжаттардың құпиясын ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл құжаттардың  құпиясы ашылмай, зерттеушілерге оған рұқсат берілмейді. Сондықтан қазір мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында осы құжаттардың құпиясын ашу мәселесі қарастырылып жатыр, - деді Нұрымбетова. 

Профессордың айтуынша, бұған дейін ағартушы ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерін ақтауға көп көңіл бөлінген. Осы жолы репрессияға ұшыраған қарапайым шаруалар мен колхозшылар да толық ақталады. Өйткені сотсыз атылып кеткен адамдар қарасы өте көп екен.

Біз көбінде Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов және басқа да елге танымал қайраткерлерге көп көңіл бөледі екенбіз, олардан бөлек қызметі төмен талай адам қуғынға ұшыраған. Мәселен, 10 жыл, 20 жылға сотталғандар, лагерьлерге жіберілген, тіптен сол жерде ату жазасына кесілген адамдар өте көп. Қазір архивке әлеуметтік-құқықтық сауалнама бойынша құрбан болған туыстары жайлы мәлімет алғысы келетіндер бар. Көпшілік ата-бабаларының  не үшін, қандай баппен сотталғанын білгісі келеді. Құжаттар құпиясы ашылмағандықтан және 1993 жылғы заң бойынша сот ісіне қатысты құжаттарды біз әзірге бере алмаймыз. Тек қуғындалған адамның өмірбаянына қатысты мәліметтерді және жеке заттары болса оны беруге хақымыз бар, - дейді ол. 

Қуғындалғандарға көбінде РСФСР-дың ҚК-нің мына баптары мен тармақтары кеңінен қолданылған екен: 58-1 контрреволюциялық қызмет, 58-3 шетелдік мемлекеттермен байланыс, 58-4 коммунистік жүйені мойындамай халықаралық буржуазияға бұру. Қарапайым шаруаға да, колхозшыға да, теміржолшыға да Совет үкіметін құлатуға үгіт-насихат жүргізді деп 58-6 қолданған, шпионаж деп 58-10 қолданыпты. 

Заңсыз айыптауға тек қазақтар емес, еліміздегі барлық ұлт өкілдері ілінген. Сондай-ақ репрессияға қайраткерлермен қатар шаруалар да, колхозшылар да ұшыраған. Яғни, білімді де, сауатсыз адам деп қарамаған. Архивте құжаттар өте көп, бізге 700 мыңға дейін құжат тапсырылады деп жоспарланып отыр. Сондықтан істелетін жұмыс та ауқымды, - деді Гүлшат Нұрымбетова.

Сонымен қатар ол ақиқат қашанда ащы болатынын айтады. Құжаттарды ашып, онымен танысқан сайын жағдайдың қандай күрделі екеніне көзіміз жете түседі деген ойын айтты. 

Қандай жағдай болмасын тарихымыздың ащы тұстарын айналып өтпеуіміз керек, оған үстірт қарау Тәуелсіздік қадірін бағаламау болады. Сондықтан репрессия құрбандарын ақтау жұмысын соңына дейін жеткізу парызымыз деп санаймын, - деді профессор. 

Ғалымдар архив құжаттарының құпиясы толық ашылса, аштықтан өлгендер мен қуғын-сүргін құрбандарының саны қазіргіден бірнеше есе көбейеді деп санайды. Бұл бағытта құрылған мемлекеттік комиссия табандылық танытып, ешкімнің қабағына қарамай ақиқатты ашық жариялайды деген сенімдеміз.

Өзгелердің жаңалығы