NIS түлегі Кипр және Латвия университеттерінің толық білім грантына ие болды

8 Шілде 2021, 20:49
1510
Бөлісу:
NIS түлегі Кипр және Латвия университеттерінің толық білім грантына ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Диас Нурмухамедов Кипр Халықаралық университеті мен Рига Бизнес мектебінің оқу ақысын толық өтейтін білім грантына ие болды. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар Диас Испанияның ІЕ Университетіне қабылданып, «IE High Potential Award»-қа ие болды, ал ол өз кезегінде оқуға 80% жеңілдік береді. Жоғары оқу орнына өтінішті мерзімінен ерте бергені үшін Литваның ISM Менеджмент және Экономика университеті Диасқа оқу ақысын 25% қамтитын шәкіртақы ұсынды.

Диасты өзінің студенті ретінде көргісі келген жоғары оқу орындардың қатарында Литваның LCC Университеті, Германияның Якобс Университеті, АҚШ-тың Хофстра Университеті, Венгрияның Корвин Университеті мен Будапешт Бизнес мектебі бар.

Оқуға қабылдау туралы хаттарды оқығанда менің қуанышымда шек болмады, әсіресе грант немесе стипендияға ие болғаным еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Қатарлас достарыма шақырулар келіп, маған ешқандай жауаптың келмегенін көргенде қатты уайымдағаным рас. Қазіргі сәтте мен әлі нақты бір университетті таңдамадым, себебі Венгрия мен Түркия университеттерінен жауап күтуді шештім. Алдағы уақытта бизнес, коммуникация және медиа ғылымдары бойынша білім алу жоспарымда бар, - дейді Диас.

Жас зияткер орыс тілі және география пәндері бойынша олимпиадаларға қатысып, «Adal Volunteer Club (AVC)» волонтерлық ұйымының белсенді мүшесі болды. Мектепшілік үстел теннисі үйірмесі мен «NISA Library» клубының көшбасшысы қызметін атқарды. Сондай-ақ ол оқушыларға өздеріне сәйкес университетті табуға көмектесетін «ІВpick» қызметін құрды. Диастың айтуынша, «ІВpick» қызметі өзіне де пайдалы болған.

Өзгелердің жаңалығы