Оқушы шахматтан Қазақстан чемпионатында алтыннан алқа тақты

9 Тамыз 2021, 13:45
2502
Бөлісу:
Оқушы шахматтан Қазақстан чемпионатында алтыннан алқа тақты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Бексұлтан Молдағали Шымкент қаласында өткен шахматтан ҚР чемпионатында классикалық бөлімі бойынша қатысып, жеңімпаз атанды. Бексұлтан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында бақ сынаған болатын.

Шахматпен 10 жасымнан бері айналысып келемін. Бұл спорт түрін таңдауымның басты себебі ойын барысында қызықты стратегиялар мен жоспарлардың болуы. Шахмат арқылы адам өз ісін жоспарлап, болжам жасауды үйренеді. Уақытын тиімді пайдалануға, алға қойған мақсаттарына жетуге икемделе түседі. Бұл ақыл-ой күресі бойынша қазіргі әлем чемпионы, норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсенді кумирім деп санаймын, - дейді жас зияткер.

Көптен күткен жарысқа республиканың барлық өңірінен жүзден жүйрік шыққан шахматшылар қатысты. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен марапатталып, оларға ақшалай сыйлықтар табысталды.

Турнир регламентіне сәйкес, классикалық шахматтан «8», «10», «12», «14», «16» және «18» жасқа дейінгі жас санаттары бойынша Қазақстан Республикасының чемпиондары 2021 жылғы классикалық шахматтан Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады.

Өзгелердің жаңалығы