Жылжымайтын мүлікті енді нотариуссыз ХҚКО арқылы тіркеуге болады

23 Ақпан 2021, 11:58
4772
Бөлісу:
Жылжымайтын мүлікті енді нотариуссыз ХҚКО арқылы тіркеуге болады

Алматы, BAQ.KZ.  Осыған дейін сатып алынған жылжымайтын мүлікті нотариус арқылы рәсімдейтін. Енді сатып алынған жылжымайтын мүлікті нотариуссыз, яғни ХҚКО арқылы тіркеуге болады. 

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет»  мемлекеттік корпорациясы  Алматы қаласы бойынша филиалы хабарлады.

Ол үшін, ең алдымен ХҚКО-ға кезекті онлайн брондайсыз. Бронды растау үшін ХҚО-ға 20 минут ерте келу қажет.

   ХҚО операторына келесі құжаттарды ұсынады:
- Сатып алу- сату келісімшартының 2 данасын жасасыңыз:
- Мүліктің техникалық паспорты; 
- Мүлік меншігіне құқық беретін құжаттар (сатушы тарапынан);
- Некеде болса, екі тараптың да жұбайының нотариус арқылы рәсімделген келісімі;

-Егер жылжымайтын мүлік құрылыс компаниясынан сатып алынатын болса, қосымша:

- Сату жөніндегі шешім;
- Сатып алушы некеде болса, нотариус арқылы жұбайының рәсімделген келісімі.

Қызмет алушы ХҚО-ға дайын келісімшартпен келуі қажет. Келісімшартта міндетті түрде жылжымайтын мүліктің барлық сипаттамасы (ауданы, қабаты, пәтер нөмірі, кадастр нөмірі және басқа да техникалық сипаттамалары) көрсетілуі тиіс, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Оның айтуынша, жылжымайтын мүлікті құрылыс компаниясынан алған жағдайда, ХҚО-ға компания өкілі келетін болса, келісімшартта оның аты-жөні көрсетілуі қажет. Егер олай болмаған жағдайда, келісімшартқа қол қоюшы, яғни компания директоры, директорлыққа тағайындалғаны жайында бұйрықпен ХҚО-ға өзі келеді. 
Қызмет құны (тұрғын үй үшін) - 1 202 теңге.

Қызмет құны тұрғын үйден басқа жылжымайтын мүлік түрлері үшін (қойма, автотұрақ т.б.) ауданына қарай өзгереді.
Егер тұрғын үй жекежай болса, қызмет құны өзгермейді, бірақ жер телімі және басқа да жекежай аумағындағы құрылыс нысандары үшін қосымша төлем жасалады.

Қызмет көрсету мерзімі құжат тапсырған күнді есепке алмағанда – 1 жұмыс күні.

Өзгелердің жаңалығы