Жыл басынан бері 76 адам суға кеткен

5 Маусым 2019, 11:31
2194
Бөлісу:
Жыл басынан бері 76 адам суға кеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері 76 адам суға кеткен. Бұл туралы бүгін баспасөз мәжілісінде ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты.

«Жыл басынан бері 76 адам суға кетіп қаза болды. Оның ішінде балалардың саны - 40. Біз суға батқандардың есептік статистикасын өзгерттік.  Егер, бұрынғы жылдары тек шомылу маусымы кезінде батып кеткен адамдарды есептесек, 2019 жылдың қаңтар айынан бастап, суға батқандардың бәрін ескере бастадық. Мысалы, биыл балық аулау ережелерін бұзу нәтижесінде 27 адам суға батқан», - дейді Бекер. 

Оның айтуынша, балықшылар қыста, жазда қандай мезгіл болмасын, кез келген ауа-райында балықты ұстау үшін аянып қалмайды. Тәуекелге көп бел буады. Соның салдарынан өмірімен қоштасатын жағдайлар да көп кездеседі.

«Ал шомылу маусым басталғалы 22 адам суға кетті. Оның ішінде екеуі тоғаннан өтіп бара жатқанда қайтыс болды. Суару каналдарында 8 бала өмірімен қоштасты. Балалардың көбісі әдетте ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Олар қауіпті екенін біліп тұрады да сонда да тәуекелге барады. Соған қарамастан шұңқырларға немесе аралдарға түседі.  Онда, әрине, ағыс қатты.  3-4 жастағы бала ондай сәтте өз өмірін қорғап қалуға қауқарлы емес»,- дейді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, жалпы алғанда елде демалуға, балық аулауға немесе ауыл шаруашылығына пайдаланылатын 50 мыңға жуық су қоймасы бар.  Республикадағы судан құтқарушылар саны 1380 адамды құрайды екен.

«Біз, бұл су қоймаларына тіпті бір құтқарушы қоя алмаймыз.Қазақстанда жыл сайын 1200-1400  адам суға батады. Ал 800-900 адамды құтқарып қалуға мүмкіндік болады. Көбінесе, трагедиялар негізінен судағы қарапайым ережелерді елемеуге байланысты орын алады», - дейді Беккер.

Өзгелердің жаңалығы