Бас жаңалықтар
Жұмыс істеу керек: Нығматулин вице-министрді әбден састырды
19 Ақпан 2020, 13:38 1673

Жұмыс істеу керек: Нығматулин вице-министрді әбден састырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында төраға Нұрлан Нығматулин 5 жылдан бері ЕАЭО елдерінде көлік құралдарының электрондық паспорты енгізілмей жүргенін сынға алды.

Көлік құралдарының электрондық паспортын енгізу бойынша қолданыстағы келісім 2014 жылы қабылданған болатын. Ал 2015 жылы ратифицияланды. Еуразиялық экономикалық комиссия 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап, Еуразиялық экономикалық аумағында осы жүйені енгізу туралы шешім қабылдады. Бірақ бұл жүйе енгізілген жоқ. 2015 жылдан бері оны дайындауға қаншама уақыт болды емес пе? Осы ретте электрондық паспорттар неге көрсетілген уақытта істелінбеді?, - деді депутат Майра Айсина.
Иә, дұрыс айтасыз. Негізі 2019 жылдың 1 қарашасында іске асырамыз деп ойлағанбыз. Бірақ ЕАЭО елдері дайын болмағаннан кейін 1 жылға шегерілді. 2020 жылдың 1 қарашасында қосамыз ба деп отырмыз. Алайда, менің бұған да күмәнім бар. Қазақстан өз тарапынан барлық жұмысты жасап істеп жатыр. Бұл жұмыс біздің елде "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ компаниясына жүктелген. Қазақстан тарапынан мәселе жоқ. Басқа мемлекеттерге байланысты болып тұр, - деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Қазір дайын болмаса, сонда қашанға жоспарланып отыр. Бір жыл ма, екі жыл ма? Олармен келіссөз жүргізілген болар? Біздің елдің өкілдері бар. Министрлік бар, өзіңіз бар. Бір топ мемлекеттік қызметкерлер айналысып жүріп, сұраққа жауап жоқ, - деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Осы ретте "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов Қазақстан тарапы биыл бәрін реттеп болатынын айтты.

2020 жылдың 1 қарашасына дейін бітіреміз деп отырмыз, - деді Әсет Тұрысов.
Міне, дайын ғой, дайын емес деп қоясыз (Өскенбаевқа қарап - тілші). Мұның бәрімен ЕАЭО комиссиясындағы өкілдеріміз айналысуы керек. Неше жыл отыр, не бітіріп жүр. 2015 жылға келіскен, содан бері бес жыл өтті. Басқа мемлекеттің өкілдерімен келісіп, шешетін уақыттары болды. Үкіметаралық комиссия отырыстары өтеді. Сол жерде неге көтермейді, - деді Н.Нығматулин.

Қайырбек Өскенбаев спикердің сөзін қостап, "дұрыс айтасыз" деумен шектелді.

Жұмыс істеу керек. Ана комиссияның басқарып, үлкен бастықтар отыр. Олардың дәрежесі қай деңгейде? Министрдің деңгейі ме? Жалақысы да, басқасы да бар. Енді жұмыстың нәтижесі де болу керек қой, - деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, 2015 жылы елімізде "көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өзі жүретін машина мен техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасы қабылданған болатын.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...