Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстанның Алтай ауданында жоғалып кеткен бір жарым жастағы балақай әлі күнге табылмады. Оның жоғалғанына екі тәулікке жуық уақыт өтті, деп хабарлады Алтайньюс.
Жергілікті құзіретті органдар, еріктілер, ауыл тұрғындары бар – ұзын саны 500-ге жуық адам кішкентай Әлиханды жан ұшыра іздеп жатыр. Маңайдағы ескі құрылыстарды, шұңқырлар мен жертөлелерді, өзен арналары мен сай-саланы тегіс сүзіп шықты. Алайда, әлі күнге бір белгі жоқ.
Бүлдіршіннің ата-анасы Раджан мен Назира көпшілікпен бірге оның аман-есен екеніне үміт үзбейді.
«Бармаған жеріміз жоқ. Балгер апамыз, «Әлихан тірі, әлдебір жертөле немесе шұңқырға құлап кеткен» дейді. Көрші-қолаңның жертөлесін түгел қарадық. Құтқарушылар мен еріктілер өзен арнасы сүзіп шықты. Бірақ нәтиже жоқ», – деді Раджан.
Іздестіру жұмыстары, әлбетте, қарқынын бәсеңдетпейді. Дегенмен, баланы іздестіруге әлі де көмек қажет.
«Алайда, демалыс күндерін пайдаланып, көмекке келген 50 шақты ерікті жастың көпшілігі жұмыс күні басталғандықтан кетуге мәжбүр болды. Сол себепті көмек қолын созатын жастардың ауадай қажет екенін хабарлаймыз», - делінген хабарламада.
ШҚО ТЖД қандай да бір ақпарат білген адамдардың «112» немесе «102» телефондары арқылы дереу хабарлауын сұрайды.