Елордада жекеменшік балабақша мен емханалар көбейіп келеді – Көлгінов

19 Қыркүйек 2019, 16:47
2419
Бөлісу:
Елордада жекеменшік балабақша мен емханалар көбейіп келеді – Көлгінов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Кәсіпкерлердің жыл сайынғы VI конференциясы өтіп жатыр.

Шара «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен және Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен өтуде.

Елорда әкімі өз сөзінде қаладағы бизнестің даму қарқыны жайлы айтты.

"Соңғы 10 жылда астанада шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 есе артты. 25 мыңнан 130 мыңға дейін көбейді. Және де осы салада экономикалық белсенді қалалықтардың 68 пайызы жұмыс істейді. Бұл - 360 мың адам. Шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемі де артып келеді. 2009 жылғы 800 млрд теңге өткен жылы 5 трлн теңгеге жетті", - деді Алтай Көлгінов.

Ол мысал ретінде балабақшаларды келтірді. Әкімнің айтуынша, қалада жекеменшік балабақшалар, сонымен қатар поликлиникалар саны көбейіп келеді. 

"Бізде халық саны артқандықтан әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақ та артып келеді. Бүгінгі күні тұрғындар саны 1 миллион 100 мың адамға жетіп отыр. Бұл жақсы нарық пайда болып келе жатыр деген сөз. Және бұл шағын және орта бизнестің дамуы үшін мүмкіндік", - деді елорда әкімі.

Конференцияға «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқасы және Басқарма мүшелері, ұлттық компаниялар, даму институттары, аумақтық органдар, екінші деңгейлі банктер және қала кәсіпорындарының өкілдері қатысып отыр.

Өзгелердің жаңалығы