Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемияға дейін жедел жәрдемді шақырту тәулігіне орта есеппен 3,5 мыңды құраса, карантин кезінде бұл көрсеткіш 1,5-ға дейін төмендеген.
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қаладағы жедел жәрдем қызметі штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Эпидемия басталғалы жедел жәрдем станциясының 106 қызметкері вирус жұқтырған.
Оның ішінде дәрігер, фельдшер және көлік жүргізушілері де бар. Сондай-ақ, карантин кезінде жедел жәрдем көмегін шақыру деңгейі төмендеген. Мәселен, пандемияға дейін тәулігіне орта есеппен 3,5 мың шақырту болса, карантин кезінде бұл көрсеткіш 1,5 дейін төмендеген. Сондықтан қазіргі таңда жедел жәрдем артық жүктемесіз жұмыс істеуде. Қызметкерлер саны да жеткілікті деңгейде, - деді ол.
Сонымен қатар, ол қазіргі кезде Алматыдағы коронавирус инфекциясының таралу жағдайы тұрақты екенін айтты. Соңғы айда вирустың таралуы 2,3% деңгейінде, соңғы аптадағы инфекцияның өсімі 1% құраған.
Алматыда қазір инфекция жұқтырған 2882 адам тіркелді. Оның ішінде 1875 адам жазылып шықты. Бұл ауырғандардың 65% құрайды. Өткен аптада 323 адам жазылып шықты. Өкінішке қарай, 10 адам осы індеттен көз жұмды. Дәл қазір 975 науқас ем қабылдауды жалғастырып жатыр, - деді басқарма басшысы.
Қазір медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен науқастардың медициналық көмек алуына күш жұмсалып отыр екен.
Дәрігерлер қажетті барлық қорғаныш затымен қамтамасыз етілген. Оның үстіне күзгі уақытта болуы мүмкін коронавирустың екінші толқынына да дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді ол.