Жастар тарапынан көмек қолын созуға дайынбыз – Ілияс Түстікбаев

10 Қаңтар 2022, 17:47
1918
Бөлісу:
Жастар тарапынан көмек қолын созуға дайынбыз – Ілияс Түстікбаев
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның әр өңірінде жастардан тұратын ерікті топтар құрылып жатыр. Олар жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып қираған құрылыс нысандарына, жапа шеккен халыққа көмектеседі. Бұл туралы Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы Ілияс Түстікбаев айтты.

2022 жыл елімізде ауыр, қаралы күндерден, қиын сәттерден басталды. Бұл –тәуелсіздігіміздің, халқымыздың бірлігінің сыналған кезеңі. Осы күндері біз ел болып бір мақсатта топтасып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасына топтастық. Бұл кезеңнен де аман-есен өтіп келеміз. Арнайы топтар бейбіт шеруге шыққан халықты пайдаланып кетті. Содырлар құқықбұзушылыққа барып, еліміздің оңтүстік астанасы Алматыны өртке орап, одан бөлек, бірнеше облыс орталығын қиратқанына теледидар, әлеуметтік желілер арқылы куә болып отырмыз. Осындай опасыздықтың нәтижесі елімізде адам өліміне алып келді. Батырларымыз, полиция қызметкерлері, әскери құрылымның қызметкерлері осы күндері арнайы топтарға төтеп беріп, халықты қорғау жолында жандарын пида етті. Осы сәтті пайдалана отыра қаза тапқандардың жақындарына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын, - деді ол.

Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы әр аймақтағы еліміздің жастары бірігіп, халыққа көмек қолын созуға дайын екенін айтты.

Ең алдымен, үлкен жауапкершілік Президентімізге түсті. Мемлекет басшысы - халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші бірінші адам. Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінде террористер ұсталып, еліміздегі жағдай тұрақталып келеді. Осы бағыттарда жастар әрдайым бірге және Президентті қолдайтынын жеткізгіміз келеді. Жастар болып халыққа қандай да бір көмегіміз керек болса, қол ұшын созуға дайын екенімізді жеткізген болатынбыз. Керек болса көшеге шығып, халқымызды қорғауға, қаланы өртеуге, қиратуға жол бермеуге күш салатынымызды, «Халық сақшысын» құру туралы ұсынысымызды білдірдік. Қазіргі таңда әр өңірде жастардан тұратын ерікті топтар құрылып жатыр. Олар жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып қираған құрылыс нысандарына, жапа шеккен халыққа көмектеседі. Сонымен қатар әлеуметтік желіде азаматтармен бірлесіп, қаржылай көмек көрсетіп жатырмыз, - деді Ілияс Түстікбаев.

Сондай-ақ ол әріптестеріне, жастарға, студенттерге үндеу жолдады. Замандастарын ел тәуелсіздігін бағалауға, сабырлыққа шақырды.

Жастар, әрекет етпес бұрын әр нәрсені ой елегінен өткізуіміз керек. Себебі, мұндай жағдайда тек бір адамның ғана емес, тұтас халықтың мүддесі тұр. Сондықтан баршаңызды адам көп шоғырланатын жерлерге бармауға, арандатушылардың сөзіне ермеуге, жақындарымызды қорғап, үйде болуға және тек ресми ақпараттарға сенуге шақырамын. Осындайда студенттерге айтарым, қысқы демалыс уақыты ұзартылды. Елдегі жағдай тұрақталған кезде барлығымыз қалыпты өмірге, офлайн оқуға көшеміз. «Тәуелсіздікке 30 жыл», «Қазақстан - бейбіт және тату мемлекет», «патриотизм» деген сөздер жай ғана лозунг емес. Қазіргі таңда еліміздің мүддесін, егемендігін көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Сол себепті, Қазақстанның болашағы ғана емес, еліміздің бүгіні де біздің қолымызда. Егемендігіміз баянды болуы жолында бірлесе еңбек етейік. Шынында да, тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастар бейбіт мемлекетте өмір сүргендіктен, біз тәуелсіздіктің бағасын білмеген екенбіз. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», «заманымыз тыныш болсын» деген сөздердің қадірін енді ғана түсініп жатқандаймыз. Ең басты байлығымыз – еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың бірлігі, - деп қорытындылады сөзін ол.

Өзгелердің жаңалығы