Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Байрақты бәсекеге әлемнің 71 елінен 483 жас татами шебері қатысады.
25-29 қыркүйек күндері аралығында Алматы қаласындағы “Балуан Шолақ” атындағы спорт сарайында жасөспірімдер арасында дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес өтетін әлем біріншілігінде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер 16 салмақ дәрежесінде бақ сынайды.
Бүгін ұйымдастырушылар чемпионаттың алдында арнайы баспасөз мәжілісін өткізіп, Алматы қаласының дайындығына жоғары баға берді.
Халықаралық дзюдо федерациясының cпорт директоры Владимир Барта Қазақстанның бұған дейін ірі спорттық шараларды сәтті өткізгенін ерекше атап өтті.
“Алматыға келгеніме қуаныштымын, әрі бұл мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан бұған дейін Гран-при, Әлем чемпионаты секілді ірі жарыстарды өткізе білді. Алматы қаласы үшін мұндай ірі шараны өткізу үлкен тәжірибе болады деген ойдамын”, - деді ол.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мұндай шаралар елімізде дзюдо спортының кең таралуына мүмкіндік береді деген ойын білдірді.
“Елімізде спорттың бұл түрі жақсы дамуда, алда өтетін шара спортшыларымызды одан әрі шабыттандыра түсетіні сөзсіз. Әсіресе чемпионаттың Жастар жылында өтіп отырғаны қуантарлық жағдай. Спортшылардың барлығына сәттілік тілеймін, еш жарақатсыз өтуіне тілектеспін”, - деді Сәпиев.
Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов байрақты бәсекеде 5 алматылық спортшы ел намысын қорғайтынын айтып өтті.
“Алматы ірі спорттық шараларды өткізуге әрқашан дайын. Осы бес күн ішінде спорттық форумды тамашалайтын боламыз. Бүгін өнер көрсететін жастар ертең үлкен додаларда ел намысын қорғайтын болады. Бір айта кетерлігі алматылық 5 спортшы еліміздің құрамасы сапында өнер көрсетеді. Шараны өткізуге қаладағы барлық қызмет түрлері дайын. Сондықтан чемпионаттты жоғары деңгейде өткіземіз деген ойдамын”, - деді ол.
Айта кетерлігі, дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізуге Алматымен (Қазақстан) қатар, Ұлан-Батыр (Моңғолия) мен Абу-Даби (БАӘ) қалалары үміткер болған еді.